Жазушы, Қытай Халықтық консультативтік кеңесінің мүшесі, Абайдың Қара сөздерін қытай тіліне аударған Ақбар Мәжит Абай шығармаларын қытай тіліне аудару жұмыстары жөнінде баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Абай шығармалары ХХ ғасырдың 50-жылдарынан бастап қытай тіліне аударыла бастаған.
«Абай өлеңдерін қытай тіліне ең алғаш аударған адам – сібе ұлтынан шыққан Хахуань Чжан еді. Бүгінде оның жасы 90-нан асты. Абай шығармасын аударғандықтан, лақап атын Қабай деп қойған. Бұл кісіні сыйлаймыз, құрметтейміз. 1950 жылдардан бастап Абай өлеңінің үзінділері газет-журналдарға еміс-еміс шығып отырған.
1982 жылы Қытай мемлекеттік ұлттар баспасынан қытай тілінде «Абай ғақлиясы» шығарылды. Бұл – Қабайдың еңбегі. Бірақ, бұл жылдары шығармалар кең таралған жоқ, тек архив ретінде қалды», - деді спикер ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ұйымдастырған «Абай және рухани мұра» онлайн конференциясында.
Ал 1995 жылы Абайдың 150 жылдығы қарсаңында Қытайдағы ұлттар баспасы Абайдың қара сөздерін орыс тілінен аударуға тырысқан.
«1994 жылы Қытайдағы ұлттар баспасы Абай шығармасын қытай тіліне қайтадан аударуға бел буды. Осы кезде Су Жунь Чунь мырза Абайдың қара сөздерін орыс тілінен аударды. Бірақ, баспадағы қазақ бөлімінің басшысы болған Қалибек мырза мені шақырып, Қара сөздердің орысшадан сәтсіз аударылғанын айтып, редакциялап беруімді сұрады. Бірақ, бұл аударма түзетуге келмеді. 1994 жылдың қазан айынан 1995 жылдың маусымына дейін Қара сөздерді төл тілден аударып шықтым», - деді А. Мәжит.
Ұлы ақынның 150 жылдығына әзірленген бұл аударма кейін де бірнеше рет жарық көрді және Қытайға кең таралатын «Оқырмандар» журналында жарияланған.
«Сіздерге әйгілі, 2013 жылы қыркүйек айында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинь Қазақстанда Назарбаев университетінде сөз сөйлегенде Абайдың 37-ші қара сөзінен үзінді сөйледі. Ол менің аудармам еді. Жыл сайын Қытайда өтетін «Көктем мерекесінің» сауық кешін барлық тұрғын тамашалайды.
2018 жылғы сауық кеште танымал қытайлық әртіс Абайдың осы үзіндісін қайталады. Осылайша, бір кеште Абаймен 1 миллиардтан астам Қытай халқы таныс болды», - деді жазушы.
Сонымен бірге, 2019 жылы Абай шығармаларынан үзінді оқу эстафетасы болды. Бұл шараға Қытайдағы Қазақстан Елшілігінен бастап, Джеки Чан, Джек Ма сынды танымал тұлғалар қатысты. Одан бөлек, коронавирус індеті таралғанда, Қытайдан Қазақстанға жеткізілген медициналық көмектің сыртына да Абайдың өлеңі жазылған.
«Әрбір қораптың сыртына Абайдың «Бір тәуір дос тым-ақ керек, ойы мен тілі бөлінбес» деген өлең жолдары қазақ және қытай тілдерінде басылды. Адамзатқа ортақ болған осындай ауыр жағдайда да Абай ойы қос мемлекеттің достығын нығайтуға, мейірімді арттыруға ықпал етіп отыр», - деді жазушы Ақбар Мәжит.