$ 474.72  515.17  5.58

ОҚО полициясы жоғалған балаға қатысты тағы бір әйелге іздеу жариялады

Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданында жоғалып кеткен бала ісіне қатысты тағы бір әйелге полицейлер іздеу жариялады деп хабарлайды ОҚО ІІД баспасөз қызметі.

Бұған дейін хабарланғандай, 6 жасар Мұхаммед Қамшыбекті мектептен шыққан бойда 50-55 жас шамасындағы әйел жетектеп алып кеткен. Күдікті Амангелді ауылынан таксиге отырып, аудан орталығы Темірланға дейін келіпті. Жалғыз куәгер - такси жүргізушісінің айтуынша, жасы егде тартқан әйел жол ақысын төрт есе жоғары төлеп, баланы Темірланға апарып әкелетінін айтқан. 

Шұғыл іздеу шараларын жүргізген оңтүстікқазақстандық полицейлер бұл іске тағы бір әйелдің қатысы бар екенін анықтап отыр. Ол да Ордабасы ауданында туған, 1965 жылғы және тұрақты мекен-жайы жоқ. Қазір полицейлер адам ұрлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғап, күдіктілерді іздестіруде.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, жоғалған баланың өзі әйелдердің бірімен таныс болған. Сондықтан қарсылық көрсетпепті.

"Қазіргі таңда біз ең алдымен сәбиді жетектеп әкеткен әйелді іздестіріп жатырмыз. Сондай-ақ, күдіктілердің қатары Сәндікүл Сүйіндік деген әйелмен толықты. Ол бұған дейін баланың ата-анасымен сөйлескен, таныс болған. Оның өз перзенті жоқ. Шұғыл іздеу шаралары жалғасып жатыр" дейді ОҚО ІІД криминалды полиция басқармасының басшысы Кенжебек Ондасынов.

Естеріңізге салайық, 6 жасар Мұхаммед Қамшыбек 20 ақпан күні жоғалып кеткен болатын. Ол Ордабасы ауданына қарасты Амангелді ауылының тұрғыны, сол ауылдағы орта мектепте бірінші сыныпта оқиды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары