$ 494.87  520.65  4.91

Төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлерге қандай жеңілдіктер беріліп отыр?

Салық салудың жалпы белгіленген тәртібі бойынша жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер де жыл соңына дейін жеке табыс салығын төлеуден босатылады.

Еліміздегі төтенше жағдай кезеңінде ҚР Президенті Қ. Тоқаев шағын және орта бизнеске теңдессіз қолдау көрсетуді тапсырды. Қазақстандық кәсіпкерлер салық жүктемесін азайту тұрғысынан қосымша қолдауды қажет етеді. Бұл әсіресе, жұмыспен қамтуды сақтау және жалақы төлеу бойынша аса маңызды. Сондықтан экономиканың көбірек зардап шеккен салаларындағы ШОБ субъектілері үшін еңбекақы төлеу қорынан аударымдар мен салық төлеу 6 айға алынып тасталды. Отандық бизнесті қолдау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы толығырақ primeminister.kz сайтындағы шолу материалынан оқыңыздар.

Қазіргі жағдайларда ҚР Үкіметі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ШОБ-ты қолдау үшін шұғыл шаралар қабылдап жатыр. Жаңа бастамалар бизнестің қаржыландыруға қолжетімділігін арттыруды, қосымша салықтық ынталандыруларды іске асыруды, бизнесті тексерулерден шектеуді қарастырады.

Мемлекет басшысының «Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» Жарлығына сәйкес бизнесті қолдау бойынша салықтық ынталандырулар қабылданды. Олар саудадан бастап туристік бизнеске дейінгі экономиканың түрлі секторларын қамтиды.

Төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлерге ұсынылатын жеңілдіктер немесе салық каникулдары

Осы жылғы 1 маусымға дейін микро, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері үшін салықтардың барлық түрлерін, басқа да міндетті төлемдер мен әлеуметтік төлемдерді төлеуді кейінге шегеру мүмкіндігі берілді.

Сонымен қатар биылғы 1 маусымға дейін өсімпұл есептеу, шығыс операцияларын тоқтату, мүлікті билеуін шектеу бойынша шараларды қабылдау және салық және кеден қарыздарын, әлеуметтік төлемдер бойынша қарыздарды мәжбүрлеп өндіріп алу (тәуекел дәрежесі жоғары салық төлеушілерді қоспағанда) тоқтатылды.

Ірі сауда нысандары, сауда-ойын-сауық орталықтары, кино залдары, театрлар, көрмелер мен спорт нысандары бойынша, сондай-ақ қоғамдық тамақтандыру, қонақ үй және туристік қызмет салаларында жұмыс істейтін салық төлеушілер бойынша мүлік салығын төлеуден жыл соңына дейін босату қарастырылған.

Салық төлеуші мөлшерлеме 3 айға (қаңтар, ақпан, наурыз) Салық кодексіне сәйкес жүзеге асады деген есеппен алдағы 3 мерзімге (ағымдағы төлемдерді төлеудің 1 мерзімі ақпан айында өтіп кетті) мүлік салығына және жер салығына ағымдағы төлемдер сомасын қосымша есептеуді ұсынуға құқылы, ал алдағы 9 айда салық төлеуші өзінің ағымдағы төлемдерін нөлдеуге құқылы. Жыл қорытындысы бойынша декларация салықты есептеудің осындай алгоритмінің негізінде ұсынылатын болады.

Салық салудың жалпы белгіленген тәртібі бойынша жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер де жыл соңына дейін жеке табыс салығын төлеуден босатылады. Агроөнеркәсіптік кешенді қолдау мақсатында ірі қара мал мен асыл тұқымды балапандарды қамтитытн АӨК биологиялық активтерінің импортына ҚҚС салынбайтын болады.

Сонымен қоса, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға арналған жерлер бойынша жер салығын төлемейді.

Бұдан басқа, бағаның өсуін болдырмау үшін 2020 жылдың 1 қазанына дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ҚҚС ставкасы 12%-дан 8%-ға дейін төмендетілді.

Бұл норма тек әлеуметтік маңызы бар тауарларға ғана қатысты.

Анықтама: Оған бірінші сұрыпты ұн, бірінші сұрыпты ұннан жасалған бидай наны (қалыптағы), рожки (өлшеп сатылатын), қарақұмық жармасы (кесек, өлшеп сатылатын), ажарланған күріш (дөңгелек дәнді, өлшеп сатылатын), картоп, ас сәбізі, пияз, қырыққабат, ақ қант – құмшекер, сұйық май, сиыр еті (сүйекті жауырын-төс бөлігі), тауық еті (жұмсақ етімен жамбас және жіліншік сүйегі), жұмсақ қамтамадағы майлылығы 2,5% пастерлендірілген сүт, ақ май (тұзсыз, майлылығы кемінде 72,5 %, толықтырғыш пен өсімдік майлары қосылмаған), тауық жұмыртқасы (ІІ санат), ас тұзы («Экстра» тұзынын басқа), майлылығы 5-9 % болатын ірімшік.

Салықтық әкімшілендіру бойынша 2020 жылдың 1 маусымына дейін ШОБ субъектілері үшін бюджетке барлық салықтар мен міндетті төлемдер мен әлеуметтік жарналарды (ЖТС, әлеуметтік салық, жұмыскер үшін әлеуметтік және медициналық сақтандыру) төлеуді кейінге шегеру, сондай-ақ салық, кедендік және әлеуметтік төлемдер бойынша қарыздарды мәжбүрлеп өндіріп алу жұмыстары тоқтатылды.

Төтенше жағдай енгізілген кезеңде бизнеске фискалды қысымды азайту мақсатында салық тексерулері тоқтатылды.

Сонымен қоса, Мемлекет басшысы экономиканың аса зардап шеккен секторлары бойынша ШОБ-ты биылғы 1 сәуірден 1 қазанға дейінгі мерзімде еңбекақы төлеу қорынан міндетті төлемдер мен салық төлеуден босатуды тапсырды, оның ішінде сауда нысандары, қоғамдық тамақтандыру, қонақ үй бизнесі нысандары, көлік және консультациялық қызметтер мен ІТ саласы бар.

Жоғарыда көрсетілген салық төлеушілердің санаттары үшін 2020 жылғы 15 маусымға дейін барлық салық түрлері бойынша мерзімінде орындалмаған салық міндеттемелері бойынша өсімпұл есептеу тоқтатылды және салықтық есеп беру мерзімі 3-тоқсанға ауыстырылды.

Есептеу әдісімен импортқа ҚҚС (қосылған құн салығы) төлеу қағидаты кедендік декларацияны рәсімдеу кезінде төлеуші импортердің ҚҚС төлемеуге құқығы бар дегенді шамалайды. Бірақ бірқатар шарттары бар. Импортер ҚҚС төлеуші болуы керек, тауар одан кейін өткізуге арналмауы тиіс. Импортер кезекті салық декларациясында ҚҚС-ты есептеуде де, өткізуде де көрсетеді. Бес жыл өткенге дейін өткізілетін болған жағдайда импортқа ҚҚС өсімпұл есептеумен импорт мерзімінің сәтінен бастап төленуі тиіс.

Сонымен қатар а.ж. 15 наурыз бен 15 сәуір аралығы кезеңінде бағытталған камералдық бақылау нәтижелері бойынша хабарламаларды орындау мерзімі ұзартылды (тәуекел дәрежесі жоғары салық төлеушілерді қоспағанда).

Акциздерден босату

Мәселен, экспортқа өткізу кезінде акциз төлеуден бензин (авиациялықтан басқа), дизель отынын өндірушілер босатылды.

Жыл соңына дейін экспортқа өткізілетін бензин (авиациялықтан басқа) мен дизель отыны (12 млрд теңгеге 500 мың тонна бензин) бойынша МӨЗ (мұнай өңдеу зауыттары) акциз төлеуден босатылды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес акциз төлеушілер одан әрі ҚР ішінде немесе экспортқа шығаруына байланыссыз мұнай өнімдерін өндірушілер болып табылады, бірақ МӨШ мұнай мен алынған мұнай өнімдерінің иесі болып табылмайды (иесі — беруші). Бұл ретте акциздеуге жататын тауарлар экспорты акцизден босатылады.

Бензин өндіру кезінде акциз мөлшерлемесі 1 тоннасына — 24 395 тг, дизель отынын өндіру кезінде — 9300 тг (шілде-қараша), 1 тонна үшін 540 тг (желтоқсаннан маусымға дейін егіс жұмыстары үшін) құрайды.

Осылайша, экспортталатын өнім акциз сомасына дейін арзандауы тиіс.

Мұнай өнімдерін қайта өңдеу және экспорттау көлемін әкімшілендіру үшін өндіруші мен өңдеуге берушіден салық органының ақпарат беруі жөніндегі уақытша тәртіп әзірленеді. Сондай-ақ, акциздік және кеден бекеттерінің деректері пайдаланылады.

Декларациялар мен хабарламалар

Декларацияны тапсыру мерзімі 2020 жылдың 30 сәуіріне дейін (31 наурыздан бастап) ұзартылды. 2019 жылдың қорытындысы бойынша декларация тапсыру мерзімін ұзарту туралы шешім қабылданды.

Берешек туындаған кезде берешекті өтеу туралы хабарлама қойылмайды және мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қабылданбайды, есеп айырысу шоттары жабылмайды.

Төтенше жағдай кезеңінде болатын камералдық бақылау бойынша хабарламаны орындау мерзімдері ұзартылды (жоғары тәуекел дәрежесі бар салық төлеушіні қоспағанда). 15 наурыздан 15 сәуірге дейінгі мерзімде орындауды талап ететін камералдық бақылау бойынша хабарламаларды орындау мерзімі 1 маусымға ауыстырылды.

Салық төлеуші мен салық органдары арасындағы байланысты азайту үшін хабарламаны орындау мерзімін кейінге ауыстыру туралы шешім қабылданды.

Осылайша, ТЖ мерзімінде хабарламаны орындау мерзімі басталатын салық төлеуші тәуекел дәрежесі жоғары салық төлеушіні қоспағанда, 1 маусымға дейін жауап бермеуіне болады. Сонымен қатар, есеп айырысу шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру түріндегі шектеу қолданылмайды.

Тексерулер мен айыппұлдар

Төтенше жағдай кезінде мемлекеттік кірістер органдары жүзеге асыратын тексерулерді жүргізу мерзімі тоқтатылды (1406 тексеру). Қазірдің өзінде басталған тексерулер төтенше жағдай кезеңінде тоқтатыла тұрады, төтенше жағдай аяқталғаннан кейін тексеру жұмыстары қайта басталады.

Қазақстанның микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) ТЖ режимінің жариялануына байланысты қарыз алушылар үшін банктермен осыған ұқсас жеңілдіктер енгізуде. Басты шарт — осы жылдың 17 наурызына дейін қарыз алушыда мерзімі өткен берешек болмауы керек. Әрбір МҚҰ жекелеген шарттарды дербес белгілейді. МҚҰ қарыз алушыларға мынадай қолдау көрсетуге дайын:

Қазақстанда ТЖ кезеңінде еліміздегі төтенше жағдаймен байланысты қаржылық жағдайдың нашарлауы нәтижесінде қарыз алушыларда туындаған төлемдердің мерзімін өткізіп алу бойынша айыппұлдар мен өсімақылар есептелмейді. Осы жылдың 17 наурызынан кейін төлемдері кешіктірілген МҚҰ қарыз алушыларына қатысты.

ҚР Төтенше жағдай кезеңінде ҚР заңнамасына тиісті түзетулер қабылданып, күшіне енгеннен кейін төлем мерзімін кешіктіру 90 күннен асатын жеке тұлғалардың кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша пайыздық сыйақы есептеуді тоқтату.

Қазақстанда төтенше жағдаймен байланысты шектеулерді енгізудің нәтижесінде қаржылық жағдайы нашарлаған жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілері үшін жеке тәртіппен міндеттемелерді орындау бойынша кейінге қалдыру және кредиттер бойынша өзге де жеке шараларды 90 күнге дейінгі мерзімге беру және берешекті өтеу кестесін қайта қарау мүмкіндігі қаралатын болады. Дағдарысқа қарсы шараларды қолдауға тек қана Қазақстанның микроқаржы ұйымдары қауымдастығының мүшелері дайын екендіктерін білдірді, олардың микроқаржылық қызметтер нарығындағы үлесі 90%-ды құрайды.

Арендалық төлемдер

26 наурыздан бастап Қаржы министрлігі мен ЖАО бір жақты тәртіппен 20 маусымға дейін 7 701 мемлекеттік мүлікті жалдау шарты бойынша арендалық төлемдерді есептеуді тоқтатты. Осы кезеңде республикалық және жергілікті бюджеттерге шамамен 1,2 млрд теңге түспейді.

Бұл санатқа: мектеп асханалары, ауруханалардағы, емханалардағы дәріханалар және т. б. кіреді.

Осындай жұмыс квазимемлекеттік сектор субъектілері корпоративтік рәсімдер аясында дербес жалға беретін мүлік бойынша аяқталып қалды.

Сонымен қатар, Мемлекеттік тізілім порталында (www.gosreestr.kz) жалға беруден босату бойынша электрондық қызмет орналастырылған. Бұл қызмет туралы жалға алушылар хабарланған, оларға портал арқылы өтінім беру жеткілікті.

Анықтама: бүгінде республикада 8 154 жалға беру шарты тіркелген, олар бойынша жалпы төлем ай сайын 432 млн теңгені құрайды. Үш айда бизнес шамамен 1,3 млрд теңге үнемдейді.

ШОБ субъектілерін жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттігі Қазақстан Президентінің тапсырмаларын іске асыру мақсатында төтенше жағдай режимі кезінде халықты және кәсіпкерлікті қолдау жөнінде бірқатар шаралар қабылдады.

ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша Ұлттық Банк ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасын әзірледі.

Аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін шағын, орта кәсіпкерлік субъектілеріне және жеке кәсіпкерлерге екінші деңгейдегі банктерге шартты салымдарды орналастыру арқылы 600 млрд теңге бөлінеді.

Бизнесті қолдау тетігі екінші деңгейлі банктердің төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен жеке кәсіпкерлерге, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне айналым капиталын толықтыруға 12 айға дейінгі мерзімге, жылдық 8%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша жеңілдікті несиелер беру жолымен іске асырылады.

Екінші деңгейлі банктердің қаражатты игеру мерзімі 3 айды құрайды. Шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін шектеу 3 млрд теңгеге дейін, жеке кәсіпкерлер үшін 50 млн теңгеге дейін қойылады.

Бұдан өзге, «Бизнестің жол картасын» іске асыруға қосымша 84,5 млрд теңге бағыттау көзделген. Кәсіпкерлердің несиелері бойынша субсидиялау мен кепілдік беру арқылы кәсіпкерлікті қолдау шараларын күшейту көзделген. Бұл шамамен 16 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Нақтылау аясында «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыруға 50 млрд теңге сомасында қосымша шығындар қарастырылған. Соның нәтижесінде, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауды қоса алғанда, еңбек делдалдығы мен дағдыларының тиімді моделін құру жалғастырылатын болады.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары