$ 494.87  520.65  4.91

Рамзан Қадыров Сталин мен Берияға қарғыс жаудырды

Шешенстан Республикасының басшысы Рамзан Қадыров шешен мен ингуш халықтарын жер аударғаны үшін Иосиф Сталин мен Лаврентий Берияны қарғады. Бұл туралы ол бүгін өзінің Инстаграм парақшасында мәлімдеді.

«Біз қайғылы тарихымыз қайталанбас үшін оны ешқашан ұмытпаймыз!» деді Қадыров әлеуметтік желіде. Айта кетейік, 23 ақпан – елде жер аудару кезінде қайтыс болған шешендер мен ингуштарды еске алу күні. Осыдан 72 жыл бұрын Сталин аталған халықтарды депортациялаған болатын. Ал, бұл операцияны Лаврентий Берия жүзеге асырған.

«Оларды ғасырлар бойы қарғыс атсын!» деп атап өтті шешен көшбасшысы өз жазбасында. Оның айтуынша, Сталин 120 мың шешенді айдауға жіберіп, көзін жойған. Жалпы, осы соғыс жылдары шешен халқының 54 пайызы қырылып қалды дейді Р.Қадыров.

Айта кетейік, шешен-ингуш халықтарын Иосиф Сталин 1944 жылдың 23 ақпанында жаппай жер аударған болатын. Оларды КСРО көсемі фашистермен сөз байласты деп айыптаған. Тек, 1957 жылы ғана өзге елдерге күштеп қоныстанған шешендер ақталып, туған жерге оралуға рұқсат алды.

Ресми деректерге көз жүгіртсек, Шешен-ингуш КСР-нің аумағынан жарты миллион тұрғын айдауға кеткен. Олар Қазақстан мен Қырғызстан жерлеріне қоныстанды. Сондай-ақ, шешендермен бірге бұл уақытта Солтүстік Кавказдағы бірнеше ұлттар да жер аударылған болатын. Олардың қатарында қалмақтар, қарашайлар, балқар халықтары бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары