Оңтүстік Қазақстан облысында 6 жасар баланы ұрлады деген күдікпен ұсталған әйел бұған дейін де дәл осындай қылмыс жасағанын мойындады. Бұл жайында бүгін ОҚО ІІД өкілдері өткізген брифингте айтылды.
"Кеше Арыс қаласы тұрғынан қоңырау келіп түсті, ол әйел мен баланың қайда жасырынып отырғанын хабарлады. Полицейлер сол үйге барып, күдіктіні де, баланы да тапты. Сәби аман-есен. Ал, 1956 жылы туған әйел ұсталды. Қазір адам ұрлығының мән-жайы анықталып жатыр. Күдіктінің бір ұл, бір қызы бар. Оның не үшін мұндай ауыр қылмысқа барғаны тексерілуде. Біз ақпараттық қолдау көрсеткен барлық журналистерге алғыс айтқымыз келеді. Баланы табуға сол жабыстырылған суреттер көмек берді. Анықталғандай, әйел мен бала алдын бірін-бірі мүлдем танымаған. Тек ұрлағаннан кейін ғана Мұхаммедтің атын сұрап, танысып алыпты" дейді криминалды полиция басқармасының басшысы Кенжебек Оңдасынов. Оның айтуынша, күдікті әйел баланы бірнеше күн ұстап, кейін ата-анасына қайтармақ болған көрінеді.
Естеріңізге салайық, 2013 жылдың 9 қазанында Шымкентте де оқушы қыз ұрланып, кейін аман-есен табылған болатын. Дегенмен, полицейлер ол кезде қылмыскерді ұстай алмаған. Қазір белгілі болғандай, Нұрай Өмірәлінің жоғалып кетуіне де дәл осы әйел тікелей байланысты болуы мүмкін. Ол полицейлерге берген жауабында аталған қылмысты өзі жасағанын мойындапты. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған азаматтың кінәсі сотта дәлелденсе ол 7-12 жыл аралығында бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
Айта кетейік, Мұхаммед Қамшыбек 20 ақпан күні жоғалып кеткен болатын. Мектептен шыққан оны белгісіздің әйел өзімен бірге жетектеп әкеткенін куәгерлер көрген. 4 күнге созылған іздеу шараларынан кейін Күдікті мен бала Арыс қаласынан табылды.
ФОТО: Фэйсбук желісінен алынды