Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі қалалық штаб елорда тұрғындарын коронавирустың таралу қаупі әлі жойылмағаны туралы хабардар етеді. Президент тапсырмасына сәйкес карантин режимі сәуір айының соңына дейін ұзартылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына сілтеме жасап.
Осыған байланысты қоғамдық көліктің жұмысы да тоқтатылды. 12 сәуірде елордада инфекцияны жұқтырған тағы 7 адам тіркелді. Тұрғын үй кешенінің 4 кіреберісі мен жатақхана карантинге жабылды.
Осыған дейін коронавирус жеке такси жүргізушісінде және №1 автобус паркінің қызметкерінде анықталды. Олармен байланыста болған барлық тұлғалар анықталды. Байланыста болған тұлғалар қатарында медицина қызметкерлері де бар.
"13 сәуір күні Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Төтенше жағлайлар жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтеді. Отырыста жұмысын қайта бастай алатын кәсіпорындардың нақты тізімі қаралады. Кәсіпорын қызметі біртіндеп жаңартылады. Алайда жұмысын қайта бастайтын нысандар қатаң санитарлық-эпидемиологиялық режимді қамтамасыз етуге міндетті болады. Карантин режимінің өзгеруі туралы ақпарат Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің сайтында шығады. Тұрғындар тек ресми ақпарат көздері мен ресми хабарламаларға жүгінуі қажет. Тәртіп бұзушылық фактілері қатаң түрде жазаланады.
Тұрғындарға үйден шығуға қатаң тыйым салынады. Жақын маңдағы азық-түлік дүкеніне/дәріханаға, медициналық қызмет алу үшін және жұмысқа бару үшін үйден шығуға рұқсат етіледі. "Қала тұрғындары карантин ережелерін қатаң сақтап, барлық қауіпсіздік шараларын ұстануы тиіс. Қазіргі таңда біз осы жағдайға немқұрайлы қарап жатқан тұрғындардың бар екенін көріп отырмыз. Көшеде жүруге қатаң тыйым салынады. Инфекцияның таралуына және коронавирустың өршуіне жол бермеу қажет. Өз денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың денсаулығы туралы ойлаңыз", - делінген қалалық штаб мәлімдемесінде.
Адам көп жиналатын орындар, кинотеатрлар, сауда ойын-сауық орталықтары, клубтар, мейрамханалар/кафелер (онлайн-тапсырыстардан басқа) жабық күйінде қала береді. Қоғамдық көлік жұмыс істемейді.