Көктем шыға далада шыбын-шіркей мен маса көбейетіні белгілі. Оның үстіне, қанмен қоректенетін маса ауру таратушы жәндік саналады. Ал оның COVID-19 инфекциясын тарату мүмкіндігі қандай? Бұл туралы Massaget.kz сайты бір мақала жариялады деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Коронавирус індеті тарай бастаған кезде Қытай ғалымдары жануарлар мен жәндіктерге тәжірибе жасап, қандай тіршілік иелерінің ауру таратуға мүмкіндігі бар екенін зерттеді. Олардың айтуынша, маса мен шыбын-шіркей коронавирус індетін тарата алмайды. Сондықтан одан қорқудың қажеті жоқ.
«Масалардың инфекция тарататыны белгілі. Безгек, сары безгек сынды ауруларды таратады. Алайда, «коронавирусты маса таратады» деген ғылыми дерек жоқ. Мәселен, коронавирусқа шалдыққан адам алақанына түшкіріп, оған маса келіп қонып, вирусты іліп әкетуі мүмкін десек те, шындыққа жанаспайды», – дейді Ресей ғалымы, энтомолог, жәндік өсіру маманы Юлия Ловцова, URA.ru басылымына берген сұхбатында.
Ал вирустың қақырық-түкірікпен қоректенетін шыбынның денесіне жабысып, сол арқылы тасымалданбасына жүз пайыз кепілдік жоқ.
Сондай-ақ, биыл қытай ғалымдары коронавирусты ит пен мысық жұқтыра алмайды деген пікірді жоққа шығарды. Ауру ошағы болған Ухань қаласынан коронавирус жұқтырған он шақты мысық табылған.
Ғалымдар Ухань қаласының көшесінде жүрген қаңғыбас 100 шақты ит пен мысықтың талдамасын алып зерттеп, зерттеуге алынған жануарлардың 15 пайызынан коронавирус инфекциясын жойған антидене тапқан. Яғни, бұл хайуандар коронавируспен ауырған деген сөз.
Одан бөлек, ғалымдар жануарлардың коронавирусты бір-біріне жұқтыратынын, бірақ, адамға жұқтыра алмайтынын айтады. Инфекция жұқтырған мысық та адам сияқты қиналып ауыратын көрінеді.