ОПЕК+ елдері мұнай өндіру көлемін тәулігіне 9,7 миллион баррельге қысқартуға келісті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Екі ай мерзімге белгіленген келісім бірінші мамырдан бастап күшіне енеді. Жалпы тараптардың ортақ мәмілеге келуіне Америка президенті себепкер болған. Ақ үй басшысы Сауд Арабиясы мен Мексика арасындағы шиеленісті шешу үшін келіссөздерге қосылып, мұнай өндіруді қысқарту бойынша Мексика міндеттемелерінің бір бөлігін өз мойнына алды.
Дональд Трамп қол жеткізілген келісімге риза. Өйткені ол АҚШ-тың энергетика саласында жүз мыңдаған жұмыс орнын сақтап қалуға мүмкіндік береді дейді Америка басшысы. Бұл туралы ол өзінің твиттердегі парақшасында жазды. Жалпы отырыс қорытындысына Ресей тарапы да оң баға беріп отыр.
Елдің энергетика министрі Александр Новактың сөзінше, осы мәселені шешу жолында қандай да бір қадам жасалмағанда, әлемдегі мұнай қоймалары 1 жарым айдың ішінде-ақ толып қалар еді.