ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2020 жылғы қаңтар-наурыздағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Үкімет басшысы орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшыларына бюджет қаражатының уақытылы әрі сапалы игерілуін, оның ішінде, олардың экономиканың нақты секторларына дейін жеткізілуін бақылауда ұстауды тапсырды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл қаңтар-наурыз айларында ЖІӨ өсімі 2019 жылдың сәйкес кезеңіне 2,7% құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 5,1%-ға артты. Алтын-валюта қоры $30 млрд жетті, Ұлттық қор активтері – $57,5 млрд.
Еліміздің негізгі салалары жалпы оң динамика көрсетті. Тау-кен өндірісі саласындағы өсім – 5%, өңдеу саласында – 8,8%, құрылыста – 11,7%, машина жасауда – 30,4% көрсетті. Дегенмен, әлемдегі пандемияға байланысты енгізілген шектеулердің әсері біртіндеп байқала бастады — осы жылдың бірінші тоқсанында сауданың өсуі 1%-ды, қаржы саласы мен сақтандыру қызметтері – 0,7%-ды құрады, ал көлік секторы 1,3%-ға төмендеп, теріс динамика көрсетті.
Премьер-Министр әлемдік және өңірлік экономикалардағы қазіргі сын-тегеуріндерге жауап ретінде Үкіметтің дағдарысқа қарсы шаралар кешенін қабылдап, іске асырып жатқанын атап өтті. "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бекітілді, құрылысты кеңейту бойынша бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру ұлғайтылды, ШОБ кәсіпорындарын салықтық ынталандыру енгізілді, «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы кеңейтілді.
«Қажет шаралар қабылданды, енді өңірлер қарқынды жұмыс істеуі керек. Барлығы мемлекеттік органдардың тиімді және үйлесімді жұмысына байланысты», - деп А. Мамин, қатаң санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтаумен өңірлерде дағдарысқа қарсы шаралардың іске асырылуына бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.