18.04.2020, 09:50

«Қателерді көріп отырмыз»: Білім министрлігі ата-аналардан кешірім сұрады

фото: klike.net
4 сыныптың қазақ тілі сабағында мұғалім сөйлем мүшелерін айыра алмаған.

Білім және ғылым министрлігі бейне сабақтардағы қателерді түзетіп, қайта түсіріп шықты, деп хабарлайды Sputniknews.kz.

 Әлеуметтік желілерде телеарна арқылы көрсетілген бейне сабақтарда қате кеткені жайында жазылған болатын. Атап айтқанда, 4-сыныптың қазақ тілі сабағында мұғалім сөйлем мүшелерін айыра алмаған, ал 1-сыныптардың бейне сабағында буынға бөлу кезінде қате кеткен. Елордада өткен онлайн брифингте вице-министр Шолпан Каринова осы мәселеге қатысты пікір білдірді.  

"Иә, біз де осы қателерді көріп отырмыз. Шынын айту керек, қашықтан оқыту барлығымызға бір мезетте келді. Әрине, оған мұғалімдер де, мектептер де дайын болмады. Мұғалімдер қобалжыды. Мысалы, 700-ден астам сабақ екі аптаның ішінде көрсетілді. Соның басым бөлігі мұғалімдердің демалысы кезінде түсірілген болатын. Сондықтан біз барлығынан, біріншіден, ата-аналардан кешірім сұраймыз", - деді Каринова.

Оның айтуынша, 700-ден астам сабақтың екеуінен ғана қате шыққан. Оларды бірден барлық арнадан алып тастапты. Сосын жаңадан түсіріліп, желіге жүктелген.

"Енді алдағы уақытта тексеріс жұмыстары күшейіп, мұндай қателіктерге жол берілмейді", - деп түйіндеді Каринова.