Нұр-Сұлтан қаласында коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлердің бейнесі тұрғын үй кешенінің қасбетінде пайда болады. Елорданың шығармашылық қауымдастығы суретті медициналық қызметкерлерге арнап салып жатыр. Бұл туралы ҚазАқпарат Жедел штабқа сілтеме жасап хабарлайды.
«Шығармашылық адамдары онлайн-концерттер өткізіп, еріктілерге көмектесіп жатыр. Адамдар бір-біріне қолдау көрсету мақсатында бірігуде. Суретшілер атынан осы шығармашылық жоба арқылы коронавируспен күресіп жатқан медицина саласының қызметкерлеріне ризашылығымызды білдіріп, «Біз біргеміз» жалпыұлттық акциясына қосыламыз.
Мурал салудағы басты мақсат ‒ дәрігерлерге алғыс білдіру! Сіздерге алғысымыз шексіз. Бұл індетпен күресіп жатқан әр қызметкерді батыр деп санаймыз. Қала әкімдігіне білдірген қолдауы үшін алғыс айтамыз. Үлкен шығармашылық топ жұмыс істеп жатыр. Біз біргеміз! » - деді Кристина Бекмурзаева.
Елорда әкімдігі шығармашылық қауымдастықтың бастамасын қолдап, қажетті техниканы ұйымдастыруға көмек көрсетті.