Ақтөбеде оқшаулау изоляторында анықталған науқастан кейін бір топ құқық қорғау қызметкерлері карантинге жатқызылды. Олардың алғашқы анализ қорытындылары теріс көрсеткен деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
18 сәуір күні түске дейінгі жағдай бойынша Ақтөбеде COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 25-ке жетті. Олардың төртеуі емделіп үйге шығарылған. Дәрігерлер мәліметінше, инфекциялық ауруханада жатқан бір науқастың жағдайы ауыр, тағы біреуінің халі орташа ауыр. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев өңірдегі бүгінгі жағдайды баяндады.
"Соңғы тіркелген төрт адам да сырттан келген ауру емес. Олар науқаспен байланыста болғандар. Қазір облысқа экспресс- тестің бірінші кезеңі жеткізілді. Онымен ауру анықталған үйлердің айналасындағы тұрғындарды тексеріп жатырмыз. Тесттің екінші кезеңі келгенде жүкті келіншектердің денсаулығы тексеріледі. Қазір бізде ауырғанын байқамай жүргендер және ауру белгілеріне өздігімен ем жасап жүргендер болуы мүмкін. Дәрігер көмегіне жүгіну керек. Аурудың қауіптілігін ескерсек, жақындарыңызға таралуы мүмкін екенін ұмытпаңыз",-дейді Қалиев.
Облыстың бас дәрігері оқшаулау изоляторында анықталған науқастан кейін 8 полиция қызметкері мен 15 прокурордың карантинге жатқызылғанын хабарлады. Құқық қорғау қызметкерлерінің анализ қорытындысы жақсы. Ал науқастың өзі изоляторға түспестен бұрын ата-анасының үйіне жиі барған. Оның ата-анасы осыған дейін коронавирус инфекциясы анықталған адаммен жақын тұрғаны белгілі болды.
Өңірде қазір науқаспен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынуда. Ауру ошақтарында эпидемиологиялық зерттеу жұмыстары, дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде.