Тоннель салу – елдегі құрылыс саласының жақсы дәрежеде дамығанын, тіпті, халықтың күш-қуатын көрсетеді. Өйткені, мұндай жағдайда жұртшылыққа таудың арғы бетіне өту үшін оны айналып жүрудің немесе құз жағалап, басты бәйгеге тігудің қажеті болмайды.
Мысалы, тауасты жолдарымен танымал Норвегияда 900-дей тоннель бар. Олар туралы жеке кинофильмдер де түсірілген. АҚШ-та темір жол пойыздары ел аумағында 1500-ден астам тоннель арқылы заулайды. Олардың жалпы ұзындығы шамамен 515 шақырым.
2016 жылы Швейцария әлемдегі ең ұзын (57,5 шақырым) әрі терең (таудың биіктігі 2300 метр) Готтард тоннелін ашты. Оны жасауға 20 жылдай уақыт және 12 миллиардтан астам доллар кеткен. Нәтижесінде, Альпы арқылы оңтүстік және солтүстік Еуропа арасындағы қатынас жеңілдеді. Цюрихтен Миланға апарар жол 2 сағат 50 минутқа азайды.
Қазақстанда тұңғыш тоннель жобасы Боралдай тауы жақта қолға алынды. Бірақ, жергілікті тұрғындар ел күткен осы жобаның құрылысы дағдарыс кесірінен тоқтап қалмады ма деп алаңдаушылық білдіруде.
«Мен Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы Шақпақ ата ауылының тумасымын. Біздің ауылдың тұсында Боралдай тауының ортасын тесіп, тоннель салынып жатқанына 6 жылдан асты. Әлі бітпей жатыр. Жерасты жолы құрылысы неге сонша созылып кетті? Тоннель бітсе, Шымкент пен Жамбыл облысына ары-бері ағылған ағайын жол азабынан құтылар еді. Оған аз ақша бөлінбегені белгілі. Әлде, қаржы «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті ме?» – деп алаңдайды Амантай Егембердиев.
Бірақ, жобаға жауапты «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Замир Сағынов жоба өз ретімен жүзеге асып жатқанына сендірді. Рас, қиындықтар да кезігуде екен. Оны да жасырмай айтып берді. Оның дерегінше, бұл – елімізде салынып жатқан тұңғыш жерасты автомобиль жолы. Оның ұзындығы – 840 метр, ені – 13 метр, ал биіктігі – 5 метр.
Және ол жалғыз емес: бір-біріне параллель екі тоннель салынып жатыр. Шымкент қаласы мен Жамбыл облысы шекарасының 593-632 шақырымында құрылыс жүруде. Жобаның жалпы сомасы 8,4 миллиард теңгені құраған. Бірақ, құрылысы неге созылып кетті?
«2014-2016 жылдары бұл құрылысты «Дена Рахсаз констракшн» (Dena Rahsaz Co.) ирандық компаниясы бастаған. Алайда, түрлі қиындықтарға тап болып, онымен келісімшартты бұзуға тура келді. Жаңа мердігерді анықтау үшін қайтадан конкурс жарияланды. Бұл оңай рәсімдер емес. Ирандық ұйыммен келісімшартты бұзып, жаңа жеңімпазды анықтау біраз уақыт алды. Содан 2017 жылғы қазан айында әзірбайжандық «Evrascon» компаниясымен жаңа келісімшарт жасалды», – дейді Замир Садықұлы.
Оның мәліметінше, тоннелдің жартысынан астамы дайын.
«Бүгінде оң жақ тоннельдің 501 метрі, сол жақ тоннельдің 414 метрі толығымен гидроизоляциялық материалмен қапталып, бетонды аркасы құйылып, дайын тұр. Тау ортасын қазу кезінде оң жақ тоннелдің төбесіндегі бос топырақ опырылып түскен еді. Кей тұстарында жерасты сулары шығып, біраз қиындықтар туғызғаны бар. Десе де, күрделі инженерлік-техникалық шешімдерді талап ететін қиындықтарға қарамай, құрылыс жалғасып жатыр. Қалған бөлігін 2020 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарда бар», – деді мемлекеттік кәсіпорынның бас директоры Замир Сағынов.
Боралдай – Қаратау жотасының оңтүстік-шығысындағы тау сілемі. Тау Жамбыл және Түркістан облыстарының аумағында орналасқан. Қазақ энциклопедиясына жүгінсек, таудың ең ұшар басында – Бөкейтауда биіктігі 1813 метрге дейін жетеді. Ұзындығына келсек, солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 70 шақырымға құлаш ұрып жатыр. Ең енді жері батысында 25-30 шақырымды, оңтүстік-шығысында 5-7 шақырымды құрайды.