Оңтүстікқазақстандық полицейлер үш күн қатарынан жүргізген «Жасөспірім» жедел алдын алу шарасы барысында бала тәрбиесін дұрыс атқармаған 60 ата-ананы әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бұл жөнінде облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Айтулы шара ақпанның 24-26 күндер аралығында жүргізілген болатын. Оған мыңға жуық полицей мен прокуратура, білім беру, денсаулық сақтау, тағы да басқа саланың өкілдері жұмылдырылды.
Іс-шара барысында ішкі істер органдарына 500-ге жуық жасөспірім жеткізілді, оның ішінде 430 – әкімшілік құқықбұзушылық жасаған. Олардың қатарында:
- түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде жүрген – 327 жасөспірім;
- қоғамдық орындарда алкоголь ішімдігін ішкен – 7 жасөспірім анықталған.
Олардың ата-аналарына әкімшілік шара қолданылды.
"Сондай-ақ, түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында болуына жол берген 7 ойын-сауық орталығы және ойын-сауық орындарында болған 11 жасөспірім анықталды. Ата-анасының қадағалауынсыз жүрген 31 жасөспірім Кәмелекетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Ювеналды полиция қызметкерлері балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін дұрыс атқармағаны үшін 60 ата-ананы әкімшілік жауапқа тартты. Құқықбұзушылыққа бейім 97 жасөспірім және 68 қолайсыз отбасы ішкі істер органының есебіне алынды" делінген аталған хабарламада.