27 сәуірде Семей әуежайына Атырау қаласынан арнайы рейс келеді. Бортта "Tengizchevroil" компаниясында жұмыс істейтін Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының тұрғындары. Бұл жайлы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
⠀
"Айта кетейін, олардың барлығы коронавирус инфекциясына тестілеу мен тиісті тексерулерден өтті. Жалпы саны - 149 адам. Сонымен қатар, осы күні өңірге Ресейден арнайы автобус ат басын тірейді. Барнауыл арқылы медициналық тексеруден өткен 108 қазақстандық елге қайтып оралады.
Біздің тарапымыздан азаматтарды қабылдау кезінде санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздіктің барлық шаралары қамтамасыз етілетін болады. Келгендер анықтамалардың болуына қарамастан медициналық тексеруден, ПТР әдісімен COVID-19 тестілеуінен өтеді", - делінген аймақ басшысының желідегі жазбасында.
Әкімнің сөзінше, елге келетіндер уақытша карантиндік стационарларға орналастырылады.
"Ол жерлерде полиция бекеттері орнатылып, тәулік бойы санитарлық-эпидемиологиялық және медицина қызметкерлерінің кезекшілігі қамтамасыз етіледі.Талдау нәтижелерін алғаннан кейін және карантин мерзімі аяқталған соң олар тұрғылықты жері бойынша үй карантиніне жіберіледі", - деді Д.Ахметов.