27.04.2020, 03:40

«Темір торға тоғытуларыңызды сұраймын!»: атышулы Шырын Наршаева енді теңгемен мұрнын сүртіп отыр

«Мейлі, сіздер өздеріңіздің шоттарыңызда қанша миллиондап, миллиардтап теңге сақтай беріңіздер, бірақ, сол теңгені қорлатпасаңыздар екен деймін», - дейді шенеуніктерге видеоүндеу жолдаған азамат.

Қазақтың ұлттық киімдерін жалаңаш тәніне іле салып видеоға түсетін атышулы Шырын Наршаева енді ұлттық валютамыз – теңгеге мұрнын сүртіп отыр. Бүгін Сәбит Дамысхан деген азамат сол әрекетті шенеуніктерге құлаққағыс етіп видеоүндеу жолдады. Ол үндеу facebook желісіндегі «АЙТАРЫМ БАР» тобына жарияланған, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Vrk.news сайтының жазуынша, Шырын Наршаеваның жылап тұрған болып, 10 мың теңгені көзін, 5 мың теңгегені мұрнын сүртіп лақтыра салатын видеосы «Менің 42500 теңгені алған сәтім» деп аталады екен. Ал шенеуніктерге сол туралы видеоүндеу жолдаған жігіт қатты ашынып отыр.

«Сіздерде патриоттық сезім жоқ па немесе өліп қалған ба? Әдейі осы нәрсені көргілеріңіз келмей ме? Шырын Нарчаева дейтін қыз Айғанымнан, Зереден қалған қазақтың ұлттық әшекейін қорлап еді. Оны сотқа бердік. Мемлекет атрапынан заң, Конституция бойынша ұлт пен ұлттық әшекейлер қорғалмаған деген жауап келді. Ал енді бір апта бойы қазақтың ұлттық валютасы – теңгемізді қорлап, 10 мың теңгемен мұрнын сүртіп, мазақ қылып жатыр. Оған да мән бермей жатсыздар. Мүмкін оған да заң жоқ шығар?.. Мейлі, сіздер өздеріңіздің шоттарыңызда қанша миллиондап, миллиардтап теңге сақтай беріңіздер, бірақ, сол теңгені қорлатпасаңыздар екен деймін», - дейді ол.

Осы орайда, Наршаеваның ақшаға мұрнының боғын сүртіп, умаждап лақтыра салған видеосынан үзінді көрсетіп, оған тиісті жаза қолданылуы керектігін баса ескертті.

«Көргендеріңіздей, ардақты ағайын, қазақтың ұлттық валютасын – теңгесін қорлап, таптап жатыр бұл азаматша. Бір үндемедік. Екіншісінде де үндемесек, үшіншісінде басымызға шығып кетеді. Сіздерден сұрарым, бұл қыз Қазақстан Республикасының заңымен өз жазасын алсын! Бейжай қарап қалмайық. Содан соң сіздерден өтініп сұрарым, митингке өз ойын айтамын деп шыққан кісілерді темір тордың арғы жағына тоғытпаңыздар! Бала-шағасының қамын ойлап, нан табамын деп үйінен шыққан кісіні карантин деп 14 күнге қамап тастамаңыздар!» - деген азамат қолындағы 1 теңгесін көрсетіп тұрып, базынасын сабақтай түсті.

«Мынау – қазақтың 1 теңгесі. Қарасаңыздар, артында қазақтың гербі тұр. Бұл – қазақтың мәртебесі! Ал қазақтың мәртебесін таптауға ешкімнің хақысы жоқ! Сол үшін бұл қызға шара қолданып, темір тордың арғы жағына тоғытуларыңызды сұраймын. Егер бұл нәрсені өз қолдарыңызға алып, істемейтін болсаңыздар, бұл қыздың жазасын беретін жандарды темір тордың арғы жағына тоғытпаңыздар!» - деп жанайқайын жеткізді намысшыл жігіт.

Бұған дейін де сондай сорақы істерімен аты шығып, бүгінде елге танымал блогер атанып жүрген жүгенсіз Наршаева осы жолы да ешбір жазаға тартылмай, ұлттық құндылықтарымызды қорлаған үстіне қорлап, жалғанды жалпағынан басып жүре беруі де бек мүмкін. Себебі, әлеуметтік желілердегі парақшаларын қарап отырсаңыз, құзырлы органдар тарапынан оның ұятсыз әрекеттеріне түк тыйым салынбағанын айқын аңғарасыз...