Алматы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов саяжайға барғанда қандай ережелерді сақтау керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тұрғындар саяжайларына өз көліктерімен бара алады. Сонымен қатар, Алматының автобус парктері де жұмылдырылды. Олар адамдарды блокпосттарға дейін жеткізіп салады, одан ары қарай өздері Алматы облысының қоғамдық көлігімен немесе таксимен жетеді»,- деді қала әкімнің бірінші орынбасары.
Сонымен қатар, ол блокпосттан өту үшін жеке куәлік пен үйдің құжатты болу керектігін атап өтті.
«Яғни, саяжайға жиналған кез келген адам блокпосттарда жеке басын куәландыратын құжаттарды көрсетіп, полиция қызметкерене саяжайға бара жатқанын түсіндіріп айтса болғаны.Оны тәртіп сақшылары жібереді. Біз жеке көліктерді базаға біртіндеп енгіземіз. Әзірше, «Сергек» арқылы қадағалаймыз. Алдағы уақытта бұл жұмыстың барлығын жүйелеп, цифрландырамыз. Қазіргі уақытта тұрғындарға жеңіл болу үшін осы режимен жүреміз»,– деп түсіндірді Ерлан Қожағапанов.
Оның айтуынша, саяжайлар Қаскелең мен Талғар тас жолының бағытында орналасқан.
«Бүгінгі күні бізде 27 мың саяжай учаскелері карантиндік аймақтан тыс жерде орналасқан. Сондықтан саяжайдан қайтқан 27 мың адамды карантинге отырғызу оңай емес. Мен тұрғындардан карантин аяқталғанша мүмкіндігінше сол саяжайда қалуларын сұраймын», - деді ол
Сондай-ақ, спикер бүгінгі таңда жедел штаб көшеттер сататын барлық дүкендерді ашу туралы шешім қабылдағанын тілге тиек етті.
«Бақша жұмыстарына арналған күрек, тырма сияқты құралдар сататын дүкендер ашылады», - деп қосты ол.
Ерлан Қожағапанов қалалықтарды саяжайда от жағып, кәуап пісірмеуге шақырды. Айта кетейік, қала тұрғындары саяжайға бару үшін арнайы бекітілген ережені сақтауы тиіс