$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда кәсіпорындар жұмысы қайта жанданады

Жиын барысында қала әкімі заң бұзушылықтар анықталған жағдайда кәсіпорындарға елдегі төтенше жағдай аяқталғанға дейін жұмыс істеуге тыйым салынатынын айтты.

Алматы қаласында 20 сәуірден бастап кәсіпорындардың жұмысы қайта жанданады. Осы жұмысты қалыпқа келтіру үшін әкімі Бақытжан Сағынтаев өнеркәсіптік кәсіпорындар мен құрылыс компанияларының басшыларымен онлайн талқылау жиынын өткізді, - деп хабарлайды Sn.kz.

Жиын барысында қала әкімі заң бұзушылықтар анықталған жағдайда кәсіпорындарға елдегі төтенше жағдай аяқталғанға дейін жұмыс істеуге тыйым салынатынын айтты.

«Бұл үдерісті біз 20 сәуірден бастап бастауды жоспарлап отырмыз. Ең бастысы – қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және денсаулығын қорғау жөніндегі санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді қатаң сақтауды назарға алу керек», - деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев. 

Алдағы екі-үш күн ішінде әкімдік пен «Атамекен» ҰКП және Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау комитеті департаментінің өкілдері кірген комиссия кәсіпорындардың дайындығын тексереді. Басты назар жеке қорғаныс құралдарының, санитайзерлермен жабдықталуына, өндірістік және кеңсе үй-жайларын өңдеуге, кіре берістегі қызметкерлердің дене қызуын бақылауға және санитарлық қорғауды қамтамасыз етудің басқа да шараларына аударылатын болады.

Кәсіпорын басшылары өз пікірлерін айтып, жұмысты жаңа жағдайда бастауға және өз қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын екендіктерін білдірді. Олар сондай-ақ әкімдік пен Жедел штаб қабылдаған, қатаң санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді сақтай отырып, қаланың экономикалық белсенділігін қалпына келтіруге бағытталған шешімдерді қолдады.

Сонымен, жұмысы қайта жанданатын жұмыс орындарының қатарында өнеркәсіп кәсіпорындарының, құрылыс саласындағы компаниялардың, құрылыс материалдарының көтерме сауда нарығы, алдын ала жазылу бойынша нотариустар және Алматының Наурызбай ауданындағы ХҚКО-ның бір кеңсесі тек бизнеске қызмет көрсету үшін жұмыс істейді. 

Осы саладағы кәсіпорындарды іске қосу бір ай ішінде жұмыспен қамтылған халықтың санын қосымша 90 мың адамға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл ретте жұмыс берушілер қатаң санитарлық нормаларды сақтау үшін дербес жауапты болады. Қызметкерлерді COVID-19-дан қорғау жөніндегі іс-шаралардың толық тізімі барлық өнеркәсіптік және құрылыс нысандары үшін әзірленген.

Сонымен қатар, қаладағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, барлық нысандар жұмыс комиссиясы тарапынан қажетті санитарлық талаптарға сәйкестігі тұрғысынан аудиттен кейін ғана кезең-кезеңімен ашылатын болады.

Айта кетейік, Президент жанындағы Мемлекеттік комиссияның шешімімен өнеркәсіптік және құрылыс секторлары мен ілеспе қызметтер көрсететін компаниялар кәсіпорындарының қызметін кезең-кезеңімен қайта жаңғырту туралы шешім қабылданған болатын. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары