Алматыда коммуналдық қызметтерге үкімет тарапынан өтелетін 15 мың теңгені алатындардың тізімі жаңартылды. Бұл тізім осымен үшінші рет жаңартылып отыр. Бұл туралы Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқарма басшысы Рахат Шимашева мәлімдеді, - деп хабарлайды Sn.kz.
Онлайн брифинг кезінде жауапты адамдар коммуналдық төлемге жеңілдіктің қалай алынатынын түсіндірді.
«Алғашқыда 60 мың адам жеңілдікке ілінсе, бүгінгі күнігі тізімде 108 500 адам бар. Біз бұл тізімді қаланың энергия тиімділігі және инфрақұрылымды дамыту басқармасына тапсырып жатырмыз», - деді Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқарма басшысы Рахат Шимашева.
Ал қалалық энергетикалық тиімділік басқармасының басшысы Әсет Масабаев сәуірдің коммуналдық қызмет ақысы мамырда, мамыр айының төлемі маусымда келетінін ескерті.
Оның айтуынша, осы төлемдерге ресбуликалық бюджеттен шамамен екі миллиард теңге бөлінеді. Бүгінгі таңда 100 299 адам бұл төлемді алуға құқылы. Оның ішінде бүгінде 2 мың ғана адам өз мәртебесін растады.
Айта кетейік, Алматылықтар өздерінің тізімде бар-жоғын 355 -19- 55 нөміріне хабарласып біле алады.
Осы орайда ескерте кететін бір жайт, Алматы қаласында пәтер жалдап тұратындарға коммуналдық өтемақы төленбейді. Алматы қаласы Әнерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет Масабаевтың айтуынша, соңғы үш күнде call-орталыққа 20 520 адам коммуналдық өтемақы мәселесімен қоңырау шалған.
«Бірінші күні 17 оператор жұмыс істеді. Кеше олардың санын 40 адамға дейін көбейттік, алдағы демалыс күндері тағы 30 оператор қосамыз. Өйткені, жауап беріп үлгере алмай жатырмыз. Соңғы 3 күнде 20 520 адам қоңырау шалған. Оның ішінде 4073 өтінішті қарадық, тек 2011 адамның өтініші мақұлданды» – деді Әсет Масабаев.
Айта кетейік, ТЖ кезіндегі ҚР президенті жанындағы комиссиямен бекітілген ережеге сай коммуналдық өтемақы тек мына санатқа жататындарға беріледі: 1-3 топ мүгедектеріне, мүгедек баласын асырап отырғандарға, көпбалалы отбасы, соғыс ардагерлері, мемлекетік қызметте немесе қоғамдық міндетін атқару барысында қаза тапқандардың отбасылары және ең төменгі деңгейде зейнетақы алатындарға.
Ал Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасына пәтерді жалдап тұратынын және қандай көмек болатынын сұрап жатқандар бар. Дегенмен, комиссиямен бекітілген тәртіпке сай мұндай адамдардың коммуналдық төлемі өтелмейді. Яғни, жалдап тұрып жатқандарға мұндай көмек жасалмайды, көрсетілген санатқа кіретіндердің өз дербес шоты болу керек.