$ 494.87  520.65  4.91

«Жағдайды түсінетін жүрек, орындайтын ниет керек!» - Уәлихан Қалижан

Оның айтуынша, мемлекет тарапынан тиісті шаралар қабылданып жатыр.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін биылғы 11 мамырға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Мемлекет басшысының мәлімдемесі жағдайды реттеудің тиімді тетігі дейді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, бұрынғы Мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижан.

«Бұл мәлімдеменің басты ерекшелігі - халық көкейіндегі көптеген сұрақтарына жауап ала алды. Айталық, қазір көктемгі егіс науқаны екендігін ескерсек, бұл ретте ауыл шаруашылығы саласының жұмыстары еш кедергісіз жүре беретіндігін айтты. Бұл тұрғындардың табыс көзіне де, ертеңгі күні азық-түлік тапшылығының болмауына ықпал етеді деп ойлаймын. Шағын және орта кәсіпкерлікті де назардан тыс қалдырмады. Бизнесті қолдау үшін тиісті қаражатты да бөліп отыр», - дейді Уәлихан Қалижанұлы.

Оның айтуынша, мемлекет тарапынан тиісті шаралар қабылданып жатыр. Ал, халық жеке бас қауіпсіздігінің елдің тұтас қауіпсіздігі екендігін түсінгені маңызды дегенді айтады. Барша әлем тап болып отырған пандемиядан тезірек құтылуға әрбір адам жауапты. Адамзат денсаулығы дегеніміз тіршілік көзі және жалғасы екендігін қазіргі жағдай дәлелдеп беріп отыр.

«Жалпы, індеттің алдын-алу шаралары ойдағыдай ұйымдастырылды. Иә, алғашында түрлі кемшіліктер кеткенімен, қазір барлығы реттелді. Халық түсіністікпен қарауы керек. Әлемді шарлаған мұндай оқиғалар ілгеріректе де орын алған. Мәселен, адамзат тарихында ежелгі дәуірлерден қазіргі уақытқа дейін обаның пандемияға ұласқан кезеңдерінің болғандығы тарихтан белгілі. Бұл уақыттағыдай үлкен шығындарға жол бермес үшін бірқатар үкіметтік шаралар қолға алынып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, жолдарға блокпосттардың орнығуы, халықты әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты қолдау жұмыстары тағысын тағы. Барлығы да өте тиімді, көңілге қонымды. Президент айтқандай, қасиетті Рамазан айында шыдамдылық таныта білейік дегім келеді. Ауызашарды да үйде өткізу керектігі айтылды. Осынының барлығын түсінетін жүрек, орындайтын ниет керек. Сонда ғана біз бұл індеттен де аман-есен құтыламы», - дейді Уәлихан Қалижан.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары