$ 448.15  483.46  4.86

«Төтенше жағдай қоғамдық талқылаусыз шешімдердің қабылдануына себеп болмауы тиіс» - Дариға Назарбаева

Зорлық-зомбылық құрбаны болған әйел адам мен бала үйінен шығып, қашып кете алмайды, көмекке де шақыра алмайды.
фото: senate.parlam.kz
фото: senate.parlam.kz

Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен ҚР Парламенті Сенатының отырысында медицина саласын дамытуға жеке тоқталды. Оған қоса, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен бұл сала ауқымды мемлекеттік қолдауға ие болатынын айтты. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Президент халықтың денсаулығын қорғау жүйесін жақсарту жөніндегі нақты ұсыныстарды қарастыра отырып, Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа кодекс қабылдауды тапсырды. Сенаторлар Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа кодекстің жобасымен жұмыс істеу кезінде осы саланың төтенше жағдай кезіндегі проблемалық мәселелерін ескергені дұрыс деп санаймын», - деді ол.

Сенат Төрағасы бұқаралық ақпарат құралдарында біздің еліміздің жүйе қалыптастырушы кәсіпорындар тізімінің жобасын жарық көргенін айта келіп, осы тізімде жеке қорғану құралдарын шығаратын кәсіпорынның жоқтығын атап өтті.

«Біз еліміздің жүйе қалыптастырушы кәсіпорындар тізімінің жобасын көрдік. Оның құрылу принциптеріне қатысты депутаттар өз пікірлерін ашық айтты. Бірақ мынадай сұрақ туындайды – осы тізімде медициналық маска немесе дезинфекция құралдарын шығаратын тым болмағанда бір кәсіпорын бар ма? Ал Президенттің тапсырмасы бойынша отандық тест-жүйелерін, иммунды биологиялық препараттарды өндіретін, короновирус инфекциясына қарсы вакцина шығаруға дайын кәсіпорындар қайда? Мұнай мен пайдалы қазбалардан табыс азайған жағдайда, біз расында да бұдан әрі осы өмірлік маңызы бар тауарларды валютамен экспорттауды жалғастырмақпыз ба?», - деп атап өтті Д.Назарбаева.

Сенат басшысының пікірінше, қазіргі кезде бізге мемлекеттік саясат басымдықтары туралы бұрынғыдан да салмақты әңгіме қажет, атқарушы биліктің проблемалары мен жоспарлары жария және ашық түрде талқылануы керек.

«Төтенше жағдай мен пандемия қоғамдық талқылаусыз стратегиялық шешімдердің қабылдануына себеп болмауы тиіс», - деп атап өтті Дариға Назарбаева.

Сенат Төрағасы сонымен қатар жұртшылықты толғандырып отырған, түрлі себептерге байланысты мемлекеттік органдардың назарынан тыс қалуы мүмкін бірқатар маңызды проблемаларға жан-жақты тоқталды.

«Қарттар мен балалар үйлері, интернаттар. Депутаттарға, жеке маған да азаматтар мен осы медициналық-әлеуметтік мекемелердің өкілдерінен қорғану және санитариялық гигиена  құралдарының тапшылығы туралы өтініштер үнемі келіп түсуде. Халықаралық және отандық тәжірибе көрсеткендей, олар – қоғамның ең осал бөлігі. Ол адамдар мүлдем ұмыт қалғандай әсерде қаласың, қарттар мен балалар үйлері және мамандандырылған интернаттар қалдық бойынша қамтамасыз етілетін сияқты. Қорқынышты тенденция. Шешімін табу қажет», - деді Д.Назарбаева.

 Әйелдер мен құқық қорғау ұйымдарының өкілдерінен карантин кезінде үйдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың күрт өскені туралы ақпарат келіп жатуына орай тұрмыстық қылмыстар мәселесі де қозғалды.

«Өкінішке орай, бұл карантин шараларының тікелей салдары, зорлық-зомбылық құрбаны болған әйел адам мен бала үйінен шығып, қашып кете алмайды, көмекке де шақыра алмайды. Жергілікті билік пен құқық қорғау органдарына осындай қылмыстарды анықтауға ерекше назар аудару және жалпы әйелдерді қолдау шараларын күшейту қажет деп есептеймін. Әріптестерім бұл проблемаға түсіністікпен қарайды деп сенемін», - деді Д.Назарбаева.

Сенат басшысы сөзін аяқтай келіп, Парламент барлық деңгейдегі билік органдарының төтенше жағдайдағы әрекеттеріне егжей-тегжейлі талдау жүргізіп, жүйелі қорытынды шығару керек екенін атап өтті.

«Бұл әр адамның мүддесі үшін маңызды. Мұның барлығы туралы Президент Қ.К.Тоқаевтың мәлімдемесінде нақты айтылған. Елімізді «экономика мен мемлекеттік басқару жүйесін ауқымды, терең трансформациялауды жүзеге асыру» күтіп тұр. Турасын айтқанда, көлемі мен қиындығы жағынан бұл төтенше міндет. Ол Үкіметтің, Парламенттің, жергілікті билік органдары мен азаматтық қоғамның бірлескен жұмысына ерекше талаптар қояды», - деді Дариға Назарбаева.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары