Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов Есіл өзенінің арнасын қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексерді. Жобаны іске асыру су тасқыны кезінде қаланы қауіпсіздендіруге мүмкіндік береді, сондай-ақ кеме қатынасының дамуына ықпал етеді. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
"Есіл өзенінің арнасын қайта жаңарту және кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір жобаның бесінші кезеңі. Алтыншы кезеңге кірісу туралы шешім қабылданды. Арна түбін тереңдету, өзен жағалауын нығайту арқылы суды кедергісіз өткізу мүмкін болды. Өзен арнасын қайта құру алдағы жылдары да суды бөгетсіз өткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деді Н. Нұркенов.
Жыл соңына дейін өзендегі су деңгейін реттеуге мүмкіндік беретін бөгет салу жұмыстары аяқталады. Аумақ көгалдандырылып, абаттандырылады. Сарыбұлақ бұлағын абаттандыру жобасы жүзеге асып жатыр.
"Есіл өзенінің арнасын қайта жаңарту жобасының соңғы алтыншы кезеңі 2021 жылдың күзінде аяқталады. Өзен түбін тереңдету, жағалауды нығайту жұмыстары аяқталады", – деп атап өтті Нұркенов.