Тараздық еріктілер соғыс ардагерлерін құттықтады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олар автокран арқылы 98 жастағы Мұсахан Бердібаев пен 94 жастағы Мүтәліп Ережепбаевтың балкондарына дейін көтеріліп, оларға гүл шоқтарын сыйлаған. Жастар соғыс ардагерлеріне бүгінгі бейбіт күн үшін алғыстарын білдірсе, қарт майдангерлер тағылымды батасын берді.
«Жеңіс күніне орай, облыстағы 57 ардагерге миллион теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Тыл еңбеккерлері де назардан тыс қалған жоқ. Соғыс жылдарында тылда 6 айдан астам жұмыс істеген 4247 адам 50 мың теңгеден алды.
Сондай-ақ, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылардың 350 жесірі мен мүгедектерінің әйелдері де осындай көлемде әлеуметтік көмекке қол жеткізді. Ал Ленинград блокадасында болғандар мен концлагерьлердің бұрынғы тұтқындарына 60 мың теңгеден төленді», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, аймақтағы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар мен мүгедектеріне теңестірілген адамдар 100 мың теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек алған.
Жалпы, облыс бойынша барлығы 6650 адамға бір реттік әлеуметтік көмек көрсету үшін 500 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылған.