$ 494.87  520.65  4.91

«Көп рақмет!»: Біртанов медбикелер мен мейіргерлерді төл мерекесімен құттықтады

Сіздер атқарып отырған жұмыс - қайырымдылық, мейірімділік пен гуманизмге негізделген.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қазақстандық медбикелерді мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Біртанов құттықтауын Facebook-парақшасында жариялады.

"Қымбатты, құрметті медбикелер! Сіздерді Халықаралық медбикелер күнімен құттықтаймын! Өзім де жұмысты Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық ауруханада және Жедел медициналық көмек ауруханасында мейіргер болып бастадым, сондықтан, тәулігіне 24 сағат кезекшілікке түскенде төзім мен шыдамдылықтың аса қажет екенін мен өз тәжірибемнен жақсы білемін: түрлі процедура жасайсың, науқастарға дәрі егу, жан сақтау бөлмесіндегі жағдайы ауыр пациенттерді түнімен күзету қажет, мұндайда адамда "міндетімді сәтті атқарсам" деген ой ғана болады.

Сіздер атқарып отырған жұмыс - қайырымдылық, мейірімділік пен гуманизмге негізделген. Бұл қасиеттер медициналық ақ халат киген әрбір маманға үлкен жауапкершілік жүктейді.", - дейді министр.

Біртанов әлемдегі медицина қызметкерлерінің жартысынан көбі медбике екенін және олардың денсаулық сақтау жүйесінде өмірлік маңызды қызмет атқаратынын айтып өтті.

"Көбіңіз осы мамандыққа әбден бейімделіп алдыңыздар, тіпті, көмекке мұқтаж адамдарға шынайы қызмет ету – өмір сүру салтына айналды. Жалпы, науқасты емдеу ісінде мейірбикелердің еңбегі өте маңызды.

Медбикелер адам денсаулығына қауіп төндіретін эпидемия, пандемиямен күресте де алдыңғы қатарда тұрды. Бүкіл әлемдегі медбикелер COVID-19 қасқайып қарсы шықты.

Еліміздегі мейірбикелер мен мейіргерлерге министрліктің атынан алғыс білдіремін. Өз істеріңізге деген адалдық пен пациенттерге деген қайырымға, мейірімге толы қарым-қатынастарыңыз үшін көп рақмет!

Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және сәттілік тілеймін!", - деп жазды министр.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары