Жол жүру ережесін бұзған жүргізушіден 100 АҚШ доллары көлемінде пара алған астаналық екі полицей түрмеге қамалмай, жазасын айыппұл төлеп өтейтін болды. Бұл жайында астана қалалық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Оқиға ағымдағы жылдың 19 қаңтарында орын алған. Жол ережесін бұзған жүргізушіге хаттама толтырудың орнына жол-патрульдік полиция қызметкерлері одан пара сұрапты. Жүргізуші болса дереу Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментіне арыз жазып, құзырлы мамандар парақор полицейлерді ақша алып жатқан жерінен ұстады.
Деректерді егжей-тегжей тексерген Астана қалалық прокуратурасы 9 ақпан күні істі сотқа жолдаған болатын. Сотта екі полицейдің айыптары дәлелденіп, оларға алған пара көлемінің 7 еселенген мөлшері айыппұл ретінде салынды. Яғни, сотталушылардың әрқайсысы 2 620 170 теңге көлемінде мемлекет қазынасына қаржы құю керек. Сонымен қатар, оларға тиесілі мүліктер тәркіленіп, екеуі де өмір бойы құқыққорғау органдары мен мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды.