Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Қызылордада «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе!» атты поэзия сағаты өтуде. Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының «Онлайн кітапхана» жобасы аясында өтіп жатқан шарасына аймақ тұрғындары белсене қатысып жатыр.
Кезекті поэзия сағатында Қызылорда қаласындағы №222 Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектептің оқушылары фейсбук әлеуметтік желісі арқылы Абай Құнанбайұлының шығармаларын көпшілікке оқып берді. Дана Орынбасар есімді жеткіншек Абайдың «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңін оқыса, Аяулым Жолдасова «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» өлеңін оқыды. Сонымен қатар, онлайн өлең оқу барысында өңіріміздің жас өрендері хакім Абайдың «Базарға қарап тұрсам әркім барар», «Әсемпаз болма әрнеге», «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» шығармаларын мәнерлеп оқыды.
Сыр өңірінде Абай мұрасын насихаттауға бағытталған шаралар легі үздіксіз өтіп жатыр. Абай өлеңдеріне арналған поэзия сағаты да тұрақты түрде ұйымдастырылып отыратын болады.