13.05.2020, 14:01

Сыр студенттері Шығыс ғұламасы жайлы ізденуде

Онлайн кездесу барысында жастарға әл-Фарабидің ғылымға енгізген жаңалықтары туралы айтылды.

Шығыс ғұламасы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай Сыр өңірінде онлайн форматындағы шаралар жүзеге асуда. Әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фараби мұрасын насихаттау мақсатында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ұжымы студенттерге құнды ақпараттар беріп келеді. Мәселен, бүгін университеттің инженерлі-технологиялық институтына қарасты «Электр энергетикасы және өміртіршілік қауіпсіздігі» кафедрасы оқытушы-профессорларының ұйытқысымен «Әл-Фараби – Шығыстың ғұлама ғалымы» атты онлайн іс-шара ұйымдастырылды. Аталған шара «Classroom» платформасы арқылы өтті.

«Онлайн жиынның негізгі мақсаты – білім алушы жастарға адамзат үшіт құнды мұра қалдырған екінші ұстаз Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы, рухани әлемі туралы кеңінен мағлұмат беріп, білім көкжиегін кеңейту», - дейді ұйымдастырушылар.

Онлайн кездесу барысында жастарға әл-Фарабидің ғылымға енгізген жаңалықтары туралы айтылды. Сонымен қатар, Шығыс ойшылының нақыл сөздері, трактаттары оқылды. Студенттер тарапынан ғұламаның ғылыми еңбектеріне байланысты бірқатар сұрақтар қойылып, ұстаздар мен жастар өзара пікір алмасты.

Тегтер: әлФараби