19.05.2020, 14:20

«Жекелеген айыппұлдар мен алымдар алынып, әкімшілік кедергілер азайтылады» - Үкімет

Тұрғын үй құрылысы нарығында сұранысты ынталандырудың, отандық өндірісті және қызмет көрсету саласын қолдаудың жаңа тәсілдері енгізіледі.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында 2020 жылдың соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар қаралды. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Кешенді жоспар 10 бағыттан және іскерлік белсенділікті ынталандыру, жұмыспен қамтуды қолдау және халықтың табысын арттыру жөніндегі 172 жүйелі әрі салалық шаралардан тұрады. Құжат жобасын барлық мүдделі тараптар және бизнес-қоғамдастық, оның ішінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен салалық бизнес қауымдастықтар егжей-тегжейлі талқылап, мақұлдаған.

«Кешенді жоспарды іске асыру сыртқы орта тигізетін келеңсіз әсерді барынша азайтуға, аса маңызды салалардың бәрін және отандық бизнес қызметін жандандыру бойынша практикалық іс-шараларды қамтуы тиіс», - деді А. Мамин.

Ұсынылып отырған шаралар қаржыландыру және жеңілдікті несие беру тетіктерін, оның ішінде микробизнес тетіктерін едәуір кеңейтуді, экспорттық шығындарды кепілдендіру және өтеу құралдарын белсенді түрде қолдануды көздейді. Форвардтық және ұзақ мерзімді оффтейк-келісімшарттар жасасу практикасы енгізіледі. Жүктеме азаяды және салықтық әкімшілендіру жеңілдетіледі, салықтар мен қарыздар бойынша преференциялар мен төлемді кейінге қалдыру қолданылады, жекелеген айыппұлдар мен алымдар алынып тасталады, әкімшілік кедергілер азайтылады.

Тұрғын үй құрылысы нарығында сұранысты ынталандырудың, отандық өндірісті және қызмет көрсету саласын қолдаудың жаңа тәсілдері енгізіледі. 

«Жалпы, Кешенді жоспарда көзделген шаралар бірқатар салалардың белсенділігін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл салаларда 6 млн-нан аса адам жұмыспен қамтылған», - деді А. Мамин.

Үкімет басшысы мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына, өңірлер әкімдеріне Жоспардың іс-шараларын белгіленген мерзімде сапалы түрде іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлемдік және ұлттық экономикадағы жағдайдың күрт өзгеруіне байланысты 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары жаңа редакцияда әзірленеді. Ол институционалдық және құрылымдық реформаларды жүргізуді қамтитын елдің орта мерзімді кезеңге арналған жаңа экономикалық бағытының негізгі бағыттарын айқындайды», -  деп А. Мамин, осы жылдың 1 шілдесіне дейін құжаттың жаңа редакциядағы жобасын әзірлеуді тапсырды.