Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне қарасты инженерлі-технологиялық институтының «Электр энергетикасы және өміртіршілік қауіпсіздігі», «Экологиялық және химиялық технологиялар», «Компьютерлік ғылымдар» кафедраларының студенттері ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай «Әл-Фараби – өркениет философы» атты деректі бейнематериал дайындап, көпшілік назарына ұсынды. Университеттің фейсбук парақшасында жарияланған бейнематериалда Шығыстың ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы туралы маңызды ақпараттар берілген.
«Әбу Насыр әл-Фараби Аристотельдің саяси-қоғамдық идеяларын дәріптей отырып, өз тарапынан нақыл сөздер, «Бақытқа жету», «Ізгі қаланың көзқарастары» секілді бірнеше философиялық еңбектер жазған. Әл-Фараби біліктілігінің арқасында Шығыстың ірі ғалымы болды. Ғұламаның әлемнің екінші ұстазы атануы тегін емес», - дейді студент Жарқынай Бақытжанова.
Студенттер қолымен әзірленген бейнематериалда ғұламаның философиялық, діни көзқарастары туралы айтылған. Сонымен қатар, Шығыс пен Батыс ғылымына қатысты ойлары, еңбектері жайлы тарқатылып жеткізілген. Әл-Фараби туралы аңыздар да бейнематериалға енгізілген.
«Әл-Фарабидің ғылыми ой-пікірлері өзінен кейінгі дәуірдегі Шығыс пен Еуропа халықтарының философиялық, эстетикалық, қоғамдық көзқарастарының және өнерінің, өркениетінің дамуына үлкен ықпалын тигізді. Әл-Фараби мұрасы рухани құндылықтар мен адамзат өркениетінің биік шыңы», - дейді білім алушылар.