21.05.2020, 10:00

ҰҚК мемлекеттік базадағы маңызды мәліметтердің заңсыз өзгертілгенін мәлімдеді

фото: pixabay.com
«Е-Лицензиялау» мемлекеттік деректер базасындағы мәліметтерді түрлендіруге қатысты күдікті адамдардың кінәсі толық дәлелденді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Е-Лицензиялау» мемлекеттік базасындағы мәліметтерді (Қазақстан Республикасы ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының аса маңызды объектісі болып табылады) түрлендіру жолымен заңсыз лицензиялар берудің қылмыстық схемасын ұйымдастырған адамдар әрекетінің жолын кесті. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, ҰҚК-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қылмыстық әрекет белгілерін "Қазақстанның Киберқалқаны" жүйесі шеңберінде құрылған "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ жедел ақпараттық қауіпсіздік орталығы тіркеген.

"Жедел-іздестіру іс-шараларының және "Мемлекеттік техникалық қызмет" РМК мен "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-ның техникалық мамандары бірлесіп жүргізген кешенді компьютерлік-техникалық сараптаманың нәтижелері бойынша «Е-Лицензиялау» мемлекеттік деректер базасындағы мәліметтерді түрлендіруге қатысты күдікті адамдардың кінәсі толық дәлелденді.

 2020 жылғы 10 ақпанда Нұр-Сұлтан қ. Есіл аудандық сотының шешімімен сотталушылар ҚР ҚК 206-бабы 2-бөлігі 1-тармағы "Ақпаратты құқыққа сыйымсыз жою немесе түрлендіру" бойынша кінәлі деп танылып, 2 (екі) жыл мерзімге Қазақстан Республикасы ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының объектілеріне жіберуге байланысты квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазым иелену құқығынан айырумен әрқайсысы 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жазаланды", - делінген ресми хабарламада.

 Үкім заңды күшіне енді.

Тегтер: ҰҚК