Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Zoom» платформасы арқылы Қызылорда облысының мектеп оқушылары арасында «Абай шығармаларының тағылымы» атты ғылыми жобалар байқауы өтті. Байқауды Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің гуманитарлық - педагогикалық институты «Педагогика және психология» кафедрасының оқытушылары ұйымдастырды.
«Оқушылардың ғылыми-зерттеу және оқу-танымдық жобаларын ынталандыру, жоғары оқу орны мен мектептер арасындағы ғылыми-шығармашылық байланысты дамыту – бұл байқаудың негізгі мақсаты болды», - дейді ұстаздар.
Байқауға қатысушылардың жобалары ғылыми жаңашылдық, қаралған мәселенің өзектілігі, құрылымның негізділігі және мазмұнының қисындылығы, стиль мәдениеттілігі, арнайы әдебиетті пайдалану және ақпаратты қолданудың түрлілігі, анализдің және ақпаратты өңдеудің заманауи әдісін игеру, меншікті ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінің болуы сынды критерийлер негізінде бағаланды.
«Абай шығармаларының тағылымы» атты ғылыми жобалар байқауының қорытындысы бойынша «Абай Құнанбаевтың мінез-құлық туралы мұрасы» тақырыбында жазған Н.Ахмадеева атындағы №112 орта мектебінің 7 сынып оқушысы Ж.Ерғалиқызы және осы мектептің 7 сынып оқушысы Н.Азат «Воспитательное значение наследия Абая» атты жұмыстарымен жүлделі I орынды иеленді. Ал, І.Қабылов атындағы №12 IT мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Ә.Рүстембекке «Абай шығармаларының тәрбиелік мәні» жұмысы үшін II орын берілді. Сонымен бірге, №187 М.Шоқай атындағы IT мектеп-лицейінің 7 сынып оқушысы З.Жамалханқызы, «Абай өлеңдерінің тағылымы», Абылай хан атындағы № 140 қазақ орта мектебінің 8 сынып оқушысы Н.Манат «Абай жолы» романындағы әкелер тағылымы» және №271 орта мектебінің 8 сынып оқушысы Н.Қасымханова, «Абай Құнанбайұлы 175 жыл» тақырыптарындағы жұмыстары бойынша III орын алды. Одан өзге ерекше ізденісін көрсеткен оқушыларға арнайы сертификаттар табысталды.