Түркі әлемінің ең алып мемлекеті болған Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толды. Осыған орай Сыр өңірінде «Шежірелі Алтын Орда» облыстық жыр фестивалі өтуде. Бұл фестивальге көмейіне жыр тұнған Сырдың жыршылары қатысып жатыр. Ұлттық өнерді паш еткен өнерпаздар ішінде әдемі үнімен талайдың таңдайын қақтырар жас жыршылар бар.
Қазалы ауданының тумасы, бүгінде Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясының халық әні мамандығы бойынша білім алатын өнерлі өрен Айдос Тұрар «Фейсбук» әлеуметтік желісі арқылы Алтын Орданы жырға қосуда.
Қазіргі таңда К.Рүстембеков атындағы «Жыраулар үйінің» үйірме жетекшісі қызметін атқаратын Руслан Өтегенов те Алтын Орда шежіресін жырлау үстінде. Сырдың терме өнерін алыс-жақын шетелдерде паш етіп жүрген жас жыршылар Тоғжан Бақытова мен Малика Алдамжарованың да тарихтан сыр шертер фестивальге айтар жырлары бар.
2020 жылы Беларусь мемлекетінің Витебск қаласында өткен Халықаралық «Славян базары» конкурсынан 3 орын иеленіп, лауреат атанған Көркем Сәндібектің құлақ құрышын қандырар үнімен орындалған шығармасы да желі тыңдармандарының қошеметіне бөленді. Мықты ұстаздардан тәлім алып жүрген, дәстүрлі ән өнерін халыққа паш етіп келе жатқан жас өнерпаздар жыр арқылы төл тарихымызды, Алтын Орда құндылықтарын осылайша жырға қосып келеді.