$ 443.85  474.3  4.8

Абайға хат

Ақынның 175 жылдығына орай ел ішінде көптеген шаралар ұйымдастырылып жатыр.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Сыр жастары арасында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай түрлі эстафета, челлендждер өтіп жатыр. Солардың ішінде ерекше көзге түскені Абайға хат жазу эстафетасы.

«Өркениетті мемлекеттердің барлығы да шоқтығы биік тарихи тұлғаларымен мақтана алады. Соның ішінде қазақ жұрты біртуар перзенттерден кенде емес. Халқымыз үшін ұлы тұлғалардың бірегейі Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының орны ерекше. Себебі, ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады. Ақынның 175 жылдығына орай ел ішінде көптеген шаралар ұйымдастырылып жатыр. Осы орайда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасы мен ғылыми-техникалық кітапхананың қолға алған шарасы «Абайша күйініп, Абайша сүйініп жүрміз бе?» деген Абай атаға хат жазу эстафетасын бастаған болатын. Жастардың Абай әлеміне деген ұмтылысы, ізденісі ерекше екенін олар жазған хаттардан байқауға болады», - дейді кітапхана қызметкері Рахила Доспаева.

«Қадірлі Абай ата!«Бір әріп үйреткенге 40 жыл сәлем бер» - дейді қазақта. Сол себепті осы хатымды алғашқы сәлем хат деп қабыл алғайсыз. Абай ата, сіз көп өміріңізді «Қалың елім қазағым» деп халыққа арнадыңыз, мыңмен жалғыз алыстыңыз. Ойынның арзан, күлкінің қымбат екенін айттыңыз. Не үшін күлкі қымбат дедіңіз?! Сырына түсінбеймін. Жұрт қанша мақтаса да, өзімізге ғана сенуді үйреттіңіз.Табиғат өлсе де, адам өлмейтінін артыңызға үлгілі сөз қалдырып дәлелдедіңіз. Сіз әрбір адасқан адамға жол көрсетер бағдаршам секілдісіз.Қызыл жолақта білімге, ғылымға жол көрсетесіз. Екінші сары жолақта адамгершілік қасиеттерді, жақсы мен жаманды айыруды үйретесіз. Жасыл жолақта өмірде ең асыл махаббатытты, адам болуды, табиғатты сүйюді ұғындырасыз. Сіздің жолыңыз – хақтың жолы. Сізді бүкіл қазақ елі болып мақтан тұтамыз. Рухани жаңғыруымыздың мәйегі ретінде сіздің көрсеткен жолыңызбен жүреміз. Сіздің әр сөзіңіз жас ұрпақты тәрбиелейтін тәрбие құралы», - делінген Гаухар Бақыт есімді студенттің жолдаған хаттың үзіндісінде.

Хат жазу эстафетасын Сыр жастары одан әрі Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің студенттеріне және әлеуметтік желідегі барша оқырманға жолдады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 4
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары