$ 494.87  520.65  4.91

«Қарапайым азаматтардың үндеуін назардан тыс қалдыруға болмайды» - Аида Балаева

Мәселен, ресми сайттарда ұйымдардың қызметі туралы толық ақпарат берілмеген, ашық деректер жинағы орналастырылмайды және бірінші басшылардың блогтарына келіп түсетін өтініштер қараусыз қалады.
фото: informburo.kz
фото: informburo.kz

Елордада Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Отырыс барысында министр ханым қарапайым азаматтардың үндеуін назардан тыс қалдыруға болмайтынын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, ресми дереккөзіне сілтеме жасап, 

Жергілікті атқарушы органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ашықтығы мен есептілігі, заң шығару процесіне азаматтық қатысу мәселелері талқыланды. Мұнан бөлек, Қазақстан Азаматтық Альянсының президенті Асылбек Қожахметов жергілікті атқарушы органдардың ашықтығына жұртшылықтың тәуелсіз бағасын берді.

«Біз жергілікті атқарушы органдардың азаматтармен қарым-қатынасының мәдени кодын өзгертуіміз керек. Ашықтық мәселелері бойынша әкімдердің рейтингісі керек. Бірде-бір аймақ онсыз жұмыс істей алмайтын ашықтық стандарты қажет», - деп атап өтті Қожахметов.

Оның баяндамасында мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне азаматтық қоғамның төмен тартылуы, бюджет процесінің жеткіліксіз ашықтығы және өңірлік деңгейде консультативтік-кеңесші органдар жұмысының тиімсіздігі мәселелері де қозғалды.

«Жергілікті жерлердегі жұмысты жетілдіру және тәсілдерді өзгерту қажеттілігінде күмән жоқ. Біз жергілікті атқарушы органдар жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың тиімділігін егжей-тегжейлі зерттейміз. ККО жақсы ұсыныстар әзірлейтіндігі анық, алайда олардың орындалуы бұл басқа мәселе», - деп, Аида Балаева өз кезегінде атап өтті.

Комиссия мүшесі Ольга Диденко мемлекеттік органдардың ашық мәжілістері мен кеңестерін қашықтықтан ұйымдастыру және өткізу тәртібін регламенттейтін ережелер мен әдістемелік ұсынымдардың жобасын әзірлеуді ұсынды.

Сондай-ақ, отырыс барысында квазимемлекеттік сектордың ашықтық деңгейі талқыланды. «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев квазимемлекеттік және ведомстволық бағынысты ұйымдардың саны мен құқықтық нысандары туралы өзекті ақпараттың болмауын атап өтті. Бұл ретте, мемлекеттік мүлік тізілімі мемлекеттік компаниялардың еншілес және тәуелді ұйымдарының толық емес тізбесін қамтиды. ҚР ҰЭМ Статистика комитеті мен тізілімнің деректері арасында айтарлықтай алшақтық бар, ақпаратты тізілімнен көшіріп алу мүмкіндігі жоқ.

«Қазіргі уақытта, біз азаматтық қоғамның квазимемлекеттік сектордың қаржылық жағдайы, дивидендтерді қоса алғанда, мемлекеттік компаниялардың табыстылығы туралы ақпаратқа қол жетімділігіне үлкен сұраныс бар екеніне сенімдіміз. Бірақ, сонымен қатар, мұндай ақпарат, тіпті біріктірілген түрде, жоқ. Сондай-ақ квазимемлекеттік компанияларды сатып алудағы ашықтық мәселесі де өте өзекті», - деп атап өтті Ошақбаев.

Өз кезегінде Аида Балаева биылғы жылы Министрлік ұлттық компаниялар мен холдингтердің ашықтығын алғаш рет бағалағанын атап өтті. Бағалау қорытындысы квазимемлекеттік сектордың осы бағыттағы жұмысының жеткіліксіз деңгейін көрсетті. Мәселен, ресми сайттарда ұйымдардың қызметі туралы толық ақпарат берілмеген, ашық деректер жинағы орналастырылмайды және бірінші басшылардың блогтарына келіп түсетін өтініштер қараусыз қалады.

«Қарапайым азаматтардың үндеулерін назардан тыс қалдыруға болмайды - бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізгі қағидасын бұзады. Қазақстандықтар үшін барлық мемлекеттік органдарға қолжетімділіктің болуы шарт», - деді министр.

Сондай-ақ, отырыста «Transparency Kazakhstan» ҚҚ өкілі «Қазақстанның заң жобалау қызметіне қатысу және ықпал ету индексі» тақырыбындағы зерттеудің қорытындысын ұсынды. Оның нәтижелері бойынша жұртшылықтың Қазақстандағы заң шығарушылыққа әсері 38,9 балды құрап, орташадан төмен деңгейде екенін көрсетті.

Сонымен қатар, заң жобалары бойынша ұсыныстар мен ескертулер көбінесе билікпен формалды түрде қаралады, бұл заң жобалау қызметіне азаматтардың пассивті қатысуына әкеледі.

Тағы оқи отырыңыз: «Әйел облысты басқара алмайды деген стереотиптің «күлі көкке ұшты» – Аида Балаева

Отырыс қорытындысы бойынша Комиссия мемлекеттік органдар мен ұйымдарға ашықтық пен кері байланыстың қолданыстағы тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ халықты заң шығару процесіне тарту жөнінде бірқатар ұсыныстар әзірледі.

Сондай-ақ, Комиссияның отырыстарын онлайн-трансляция режимінде Министрліктің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында өткізу туралы шешім қабылданды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Аида Балаева