$ 494.87  520.65  4.91

Блокбекетте 2 полицейді қағып өлтірген жүргізушіге қандай жаза тағайындалады?

Борановтың айтуынша, полицейлердің карантин кезінде қызметтік міндетін атқаруы айыпты ауырлатуға негіз болмайды.

Алматы қалалық сот алқасының адвокаты Балқыбек Боранов блокбекетте мас күйде полицейлерді қағып өлтірген BMW жүргізушісі қандай жазаға тартылуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша ("Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы", абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне алып келген іс-әрекет) BMW жүргізушісі 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, сондай-ақ, ол өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылады", - деді адвокат.

Борановтың айтуынша, полицейлердің карантин кезінде қызметтік міндетін атқаруы айыпты ауырлатуға негіз болмайды.

Еске салайық, бүгін 25 мамырда таңғы сағат 05.26-да BMW маркалы көліктің 1992 жылғы жүргізуші Алматы облысы Қарасай ауданы Көксай ықшамауданы Қожабеков көшесімен солтүстік бағытта келе жатып, Жаңа Ғасыр көшесінің қиылысында №4 блокбекетке барып соғылып, инерциямен патрульдік көлікке соғылған еді. Салонда екі полицей болған. Көлікті мас күйінде отырған BMW жүргізушісі қамауға алында. Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 

Полицейлердің біреуі - 42 жастағы аға лейтенант Жарас Жанғазиев, ол алған жарақатынан жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болды. Ол - Батыс Қазақстан облысының тумасы, ішкі істер органдарында 2001 жылдан бастап еңбек еткен. Үйленген, артында екі қызы қалды.

Екінші полицей - полиция сержанты Дастан Әбдіқанов 1994 жылы туған. Ауруханада қайтыс болды. Ол - Алматының тумасы. Ішкі істер органдарында 2016 жылдан бастап еңбек еткен. Үйленген, артында туғанына бір ай болған қызы қалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары