Қарағанды облысында Бұқар жырау аудандық сотының төрағасы Болат Әбдікеровке қатысты қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып, алаяқтық жасау фактісімен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Облыстық қаржы полициясы департаментінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, 18 шілдеде ҚР Бас прокуратурасы қызметтік өкілеттігін пайдалану арқылы алаяқтық жасау фактісі бойынша судья Б.Әбдікеровке қатысты қылмыстық іс қозғаған болатын.
Бұған дейін хабарланғандай, 2014 жылғы 1 шілдеде Қарағанды облыстық қаржы полициясы департаментінің қызметкерлері облыс прокурорының санкциясымен арнайы жедел іздестіру шараларын өткізді. Белгіленген тәртіпте Бұқар жырау аудандық сотының төрағасы Б.Әбдікеров азаматтық іс бойынша мәселені оң шешіп беруі үшін сомасы 100 мың теңге көлемінде пара алғаны туралы факті тіркелді.
«Тергеуалды тексеру нәтижелері негізінде Қаржы полициясы агенттігі ҚР Бас прокурорының атына пара алу фактісі бойынша Әбдікеровке қатысты қылмыстық іс қозғау туралы өтінішхат енгізді», делінген хабарламада.