Алматы облысында ішімдік өнімдерін қолдан жасап келген азаматша ұсталды, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Алматы облыстық Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті мәлімдегендей, келіншектің Қарасай ауданы Іргелі ауылындағы үйінен жалған есептік-бақылау маркасымен бекітілген 300 бөтелке «Jack Daniels Whiskey», Алатау ауданындағы үйінен 171 бөтелке «Бахус» коньягы, 317 бөтелке «Хаома оригинальная» арағы, 94 бөтелке «Талка» арағы және басқа да ішімдік түрлері, 220 литр спирт, 1698 дана жалған есептік бақылау маркасы, құтының аузын жабуға арналған аппарат табылды. Бұл өнімдердің барлығы тәркіленді.
«Қазір аталған дерекке байланысты ҚР ҚК 208 бабының 2 тармағы бойынша (акцизді тауарларды маркілеу ережесін бұзу, акцизді марка немесе есептік-бақылау маркасын қолдан жасау) қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жалғасуда», делінген хабарламада.