27.05.2020, 18:20

«Заңға бағынбаған кәсіпкерлерге жаза қолдану керек» - Өмірзақ Шөкеев

фото: turkistan.gov.kz
Алдын алмасақ, салдары жаман болмақ. Балаларға жұққан ауру оның бойында білінбегенмен, үлкен қарияларға жұқса, оларға өте ауыр тиеді.

Түркістан облысында бүгінгі эпидемиологиялық ахуалға байланысты карантин режимі 8 маусымға дейін ұзартылды. Өмірзақ Шөкеев осыған орай өңірде бірқатар шектеулер сақталатынын мәлімдеді. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

«Ауа арқылы тез тарайтын бұл дерттің әзірге нақты вакцинасы жоқ. Дәрігерлер қауымы күн-түн демей вирусты жеңу жолында талмай еңбек етуде. Облыс аумағында да 300-ден аса адам ауырып, дәрігерлердің арқасында 180-ге жуық науқас дертінен жазылып отбасына оралды. Өкінішке қарай, COVID-19 инфекциясының барына күмән келтіретін адамдар көшеде қыдырып, туған-туысының үйіне барып жүр. Балалар бір-бірімен аулаларда бірге ойнап, бір-бірімен тығыз байланыста жүр. Бұл - дұрыс емес. Аталған вирус қазір облыс көлемінде, әр ауданда кеңінен тарап барады. Алдын алмасақ, салдары жаман болмақ. Балаларға жұққан ауру оның бойында білінбегенмен, үлкен қарияларға жұқса, оларға өте ауыр тиеді. Отбасымыздың, туған-туыстың, ата-анамыздың амандығын ойласақ әлі де карантин режимін сақтауымыз қажет. Карантин талаптарын сақтамағандарға айыппұл салынады. Құқық қорғау органдарына арнайы жиналыс жасап, тапсырдым. Заңға бағынбаған кәсіпкерлерге жаза қолдану керек», деді Ө. Шөкеев.

Атап өтейік, соңғы ақпаратқа сәйкес, облыста коронавирустық инфекцияныңрасталған 337жағдай тіркелген. Оның ішінде 187 адам қазіргі таңда ауруынан айығып, үйлеріне оралды.