28.05.2020, 04:53

Елорданың «Қараөткел» көпірі астында балықтар неліктен су бетіне жиналды?

Жер беті суларының сапасын талдау 42 физика-химиялық көрсеткіш бойынша жүргізіледі...

Есіл өзеніндегі балықтардың жиналып қалуына байланысты мамандар су сынамаларын тексерді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Есіл өзеніндегі балықтардың жиналып қалғаны туралы БАҚ-та жарияланған ақпаратқа байланысты ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Қазгидромет» РМК Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Экологиялық мониторинг департаментінің Қоршаған ортаның ластану мониторингі сынақ зертханасының қызметкерлері келесі нүктелерде су сынамаларын жоспардан тыс іріктеуді жүргізді:

1 нүкте: «Қараөткел» автожол көпірінің астында; 2 нүкте: «Қараөткел» автожол көпірінен 0,5 км жоғары; 3 нүкте: «Қараөткел» автожол көпірінен 0,5 км төмен;

Жер беті суларының сапасын талдау 42 физика-химиялық көрсеткіш бойынша жүргізіледі, оның ішінде басты иондар, биогенді, органикалық және органикалық емес заттар, ауыр металдар.

«Бірінші күннің талдауы бойынша судың температурасы 23,7-24,2 ºC шегінде, сутегі көрсеткіші 8,70-8,75, суда еріген оттегінің концентрациясы қалыпты және 9,30-11,8 мг/дм3 диапазонында, түсі – 25-30 градус, мөлдірлігі – 25 см, иісі – 0 балл, табиғи суға тән емес иістер табылмады.

Сондай-ақ, 2020 жылғы 31 мамырда 5 тәулік орындалатын «оттегіні биохимиялық тұтыну (5)» талдау нәтижелері ұсынылады» делінген хабарламада.

Ақпарат Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне жіберілген.