Мәшһүр Жүсіптің ел аузынан жинаған аңыз-әпсаналарында «Алла Елшісінің (с.ғ.с.) көзі тірісінде түркінің 92 руының өкілдері ислам дінімен танысуға Мекке-Мәдинаға сапар шегіп, Мұхаммедпен (с.ғ.с.) қауышты» деп айтылғанмен, классикалық ислам тарихшылары Ибн Кәсир, ат-Табари, Ибнул-Асир, Ибн Халдун, Якут, Ибн Фадлан, әл-Идриси, әл-Балазури, Ибн Хажар, әл-Мухаддиси және т.б. зерттеушілердің еңбектерінде түркі жұртының VIІ ғасырдың екінші жартысы мен VIII ғасырдың алғашқы жартысында Хақ дінді насихаттаушылармен (фатх жорығын жасаушылар) бетпе-бет келгендігі баяндалады.
Дегенмен, Хақ Елшісі (с.ғ.с.) түркілерге қатысты көптеген хадис-шарифтер айтқан еді. Олардың кейбріне тоқталар болсақ:
«Әбу Хурайра былай деді: Алла Елшісі (с.ғ.с.) айтты: «Сендер қысық көзді, қызыл шырайлы, таңқы мұрынды, бет-жүздері қабат-қабат тері қапталған қалқан тәрізді түріктермен соғыспайынша, қиямет-қайым болмайды. Сондай-ақ, сендер аяқтарына жүннен киген бір қауыммен соғыспайынша қиямет болмайды» (Сахих әл-Бұхари).
«Мәртебесі биік Алла Тағала маған Иран мен Византияның алынатынын хабардар етті. Маған олардың әйелдері, балалары, құлдарын да берді. Себебі, қызыл шырайлылардың (түркілер) көмек беруімен мені құдіретті етеді» (Рашиб б. Са).
«Өлкені (дұшпандарға қарсы) қорғаудың күші онға бөлінеді: Оның тоғызы түркілерге, қалғаны өзге ұлттарға берілді. Сараңдық та онға бөлінеді: оның тоғызы парсыларға, қалғаны өзге ұлттарға берілді. Жомарттық та онға бөлінеді, оның тоғызы судандықтарға, қалғаны өзге адамдарға беріледі. Ар-ұят та онға бөлінеді, оның тоғызы әйелдерге, қалғаны өзге адамдарға беріледі. Көре алмаушылық та онға бөлінеді, оның тоғызы арабтарға, қалғаны өзге ұлттарға берілді. Тәкаппарлық та онға бөлінеді, оның тоғызы римдіктеге, қалғаны өзге ұлттарға берілді» (ат-Табари).
«Түріктер сізге тиіспейінше, сіздер де түріктерге тиіспеңіз. Өйткені, Алланың үмбетке берген бұл мүлкі (байлық) мен салтанатын алғаш болып Қантураұлдары тартып алады» (ат-Табарани).
«Жуық арада Қантураұлдары Ирак тұрғындарын Ирактан қуып шығады. Мен мұны өз көзіммен көрген секілді көрудемін. Олар қысық көзді, таңқы мұрынды, дөңгелек бет-пішінді адамдар» (Әбул-Камал.)
«Байқаңыз, хабашилер сізге тиіспейінше, сіздер оларға тиіспеңіздер. Сондай-ақ, түріктер де сіздерге тиіспейінше, сіздер де түріктерге тиіспеңіздер» (ән-Нашаш).
«Түріктер сізге тиіспейінше, сіздер де түріктерге тиіспеңіз. Өйткені, олар өте қатыгез, қатал мінезді адамдар» (әл-Жубайни).
Аталған хадис-шарифтерге қарап, Алла елшісінің (с.ғ.с.) түркілердің жауынгер халық екенінен хабардар болғанын байқауға болады. Ал көрнекті ислам тарихшысы әл-Балазури «Әнсаф әл-Әшраф» атты еңбегінде (1 том, 160-бет) Аммар бин Ясирдің анасы Сумайианың шыққан тегі түркі болуы мүмкін екенін айтады.
Демек, Хақ Елшісінің (с.ғ.с.) ислам тарихында алғашқы шахид болған осы қайсар анамыздың шыққан тегінен хабардар болған деп тұжырымдауымызға болады.