19.03.2016, 15:37

Заттыбек Көпбосынұлына қостанайлықтардың өкпесі қара қазандай

Қазақстан эстрадасының әншісі, термеші Заттыбек Көпбосынұлына Қостанай облысы Амангелді ауданы тұрғындарының өкпесі қара қазандай. Әншінің 17 наурызға жоспарлаған концерті белгісіз себептермен өтпей қалды.

Алдын ала билет сатып алған жергілікті халық концерт залының аузынан кері қайтқан. Айтуларынша, концерттің болмайтындығы немесе кейінге қалдырылуы туралы ешкім хабарламапты.

Мәселенің мән-жайын білу мақсатында Заттыбек Көпбосынұлының өзімен хабарласып, не болғанын сұрап көрдік. Танымал әнші бәріне ауа-райының кінәлі екенін айтып отыр.

"Иә, расымен де Амангелді ауданының орталығында 17 наурыз күні концерт беруім керек болатын. Алайда, ауа-райының күрт бұзылуынан Амангелдіге жете алған жоқпыз. Сол күні бұрқасындатып, жолдар жабылып жатқан. Тәуекелге бел буу мүмкін болмады. Арқалықта қаланың ішінде жүру мүмкін емес еді. Тыңдармандарым бұған түсіністікпен қарайды деп сенемін, мүмкіндік қайта туған сәтте Амангелді халқына міндетті түрде ән шырқап беремін" деді З.Көпбосынұлы.