Нұр-Сұлтанда 2004 жылдан бері салынып жатқан "Территория комфорта-1" тұрғын үй кешенінде сүру жұмыстарымен қатар, құрылыс қатар жанданды. Үлескерлер 15 жыл бұрын ақшасын салып, бірақ әлі баспанасын алмаған көппәтерлі тұрғын үй кешені 6 блоктан тұрады.
Бүгін қала әкімі Алтай Көлгінов проблемалы тұрғын үйлерді тексеріп, құрылыс жұмыстарымен танысты. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлап отыр.
«Территория комфорта-1» тұрғын үй кешеніне жасалған техникалық тексеру ғимараттың апатты екенін көрсеткен. Үйдің құрылысы аяқталғанның өзінде үй құлайтын еді. Сондықтан, 2019 жылдың күзінде 500 үлескер ақшасын құйған тұрғын үй сүрілген болатын.
«Бұл проблемалы нысандардың бірі. 2005 жылдан бастап пәтерлерді сату басталды,сол уақыттан бастап үйлер тұр. Қазір үйді сүріп бастадық. Сонымен қатар құрылыс жұмыстары да басталды. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Осы үйден басқа Қазақстанда 2005 жылдан бері тұрған бірде - бір құрылыс жоқ», - деді "NAK Development" ЖШС директоры Серік Қасенбеков.
Енді көппәтерлі тұрғын үй «Елорда құрылыс компаниясының» қолдауымен "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында салынады.
«15 жыл ішінде көп нәрсе болды. Кейбір үлескерлер қазір өкінішке орай аоамызда жоқ. Балалар өсті. Өз отбасылары бар. Қазір құрылыс жұмыстарының қайта жанданғанына қуаныштымыз. Алдағы уақытта өз пәтерлерімізге барамыз деп үміттенеміз», - деді ТК үлескері Анара Серкебаева.
Елорда әкімі Алтай Көлгінов 2020 жылы 8 мың үлескері бар 20 тұрғын үй кешені пайдалануға берілетінін айтты. Өткен жылы 10 тұрғын үй кешені пайдалануға берілген.
«Ел басшылығының тапсырмасына сәйкес, әр үлестік құрылыс нысаны бойынша қадам-қадамды іс-шаралар жоспары әзірленді. "Алтын шар", "Бағыстан" сияқты құрылысы ұзаққа созылған нысандардың құрылысымен айналысатын "GLB" комбинаты осы уақытқа дейін өздеріне тиесілі жұмысты атқармаған. Комбинаттың кәсіпорын қызметкерлерінің алдында 600 млн теңгеден астам қарызы бар. Кредиторлар алдында да қарызы бар. Мемлекет қолдауының арқасында бұл сома өтеліп, бірқатар мәселелер шешілді. Осы шаралардың барлығын үлескерлердің мәселелерін шешуге бағытталған», - деді қала әкімі Алтай Көлгінов.
Дереккөз: Азаттық рухы