Ат жүгіртіп, ит ерткен, сөйтіп, саятшылықты серік еткен баянауылдық Мақсұтбек Көпжасаров қазақтың таза қанды тазыларын сақтап қалудың қамында жүр. «Мақсатым – текті итті пұлдап, пайда табу емес, келешек ұрпаққа жеткізу» дейді ол.
Мақсұтбек Көпжасаров ес білгелі ит асырап келеді. Жеті қазынаның біріне жататын қазақы тазыларды түр-сипатына қарап ажыратады.
«Тазының құйрығы оралып тұруы керек, шығыршық атып. Мына тілерсектерінен жүйріктігін байқайды. Шашақ құлақ, жарғақ құлақ дейді. Солай бөлінеді ғой бұлар. Мыналар шашақ құлаққа жатады. Енді жарғақ құлақтарыңызда мынадай шашақ болмайды», - дейді тазысын таныстырған Баянауыл ауданының тұрғыны.
Тазының мықтылығы тісіне де байланысты. Баянауыл тазылары ірі, жілікті, кеуделері кең келеді. Бұл таулы өлкенің табиғатына қарай бейімделетін ерекшеліктер болса керек.
«Оңтүстіктің тазылары енді кішкене «ши тазы» дейді ғой. Олардың қасқырға күші келе қоймайды. Түлкі, қоян алады. Ал біздің Баянауылдың тазылары түлкі, қоян, борсық, қасқырдың бәрін ала береді. Айырмашылығы сонда деп ойлаймын», - дейді Мақсұтбек Көпжасаров.
Оның қолында қазір төрт тазы бар. Күшіктерін еліміздің әр өңірінен келіп алады. Тіпті, қасқырға түскен сәттерін таспаға түсіріп жіберетіндер аз емес. Саятшылық – атадан балаға даритын өнер. 13 жастағы Әділет те тазы асыраудың қыр-сырын жастайынан меңгеріп өсіп келеді.
«Менің екі итім бар. Құйын және Тұйғын. Олар өте ерке болып келеді. Екеуінің жүрегі өте мықты. Мынау менің Тұйғын деген итім. Әлі 7 ай, ауызданбаған. Бірақ, болашақта үлкен үміт күтемін», - дейді Әділет.
Бүгінгі күні тазыға талас көп. «Текті иттің тұқымын көбейтіп, таза қандылығын сақтап қалмасақ, ертең кеш болады», - дейді Мақсұтбек Көпжасаров. Қансонарда асыранды қасқырға салған жүз иттің ішінен оның тазылары суырылып алға шыққан.
Дереккөз: 24.kz