1 маусымнан бастап ӨКМ Операторы ҚР Инвестициялар және даму, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің келісімімен ескі көліктерді қайта өңдеуге тапсыруға берілетін ақшалай төлем мөлшерін ұлғайтады, де хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ескі көліктерді қабылдаудың жаңа ережесіне сәйкес М1 санатындағы (жеңіл) көліктерге берілетін ақшалай төлем айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты болады. Яғни, АЕК өсуіне қарай автокөлікке берілетін төлем көлемі де ұлғайып отырады.
«Тозығы жеткен жеңіл көліктерді қабылдау екі санат бойынша жүзеге асырылады: 1-санат (толық жиынтық) – 72 АЕК, 2-санат (толық емес жиынтық) бойынша төлем мөлшері - 54 АЕК (АЕК - 2778 теңге) құрайды. Осылайша, 1 маусымнан бастап жеңіл көлігін тапсырғандар 150 мың теңгенің орнына 200 мың теңге (72 АЕК) алатын болады. Толық емес жиынтықтағы көлік 150 мың теңгеге қабылданады. Бұған дейін толық емес жиынтықтағы көлікке 48 мың теңге беріліп келген. Ескі көлігін тапсырушылар үшін тағы бір жағымды жаңалық – көлікке берілетін ақша аударымының мерзімі қысқартылды. Бұған дейін көлік өтізгендерге ақша аударымы 15 жұмыс күнінде жасалса, енді ол шара 2 күннің ішінде жүргізіледі», - делінген ӨКМ Операторының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Жаңа ереже бойынша жеңіл автокөліктер тек ақшалай төлемақыға қабылданады. Ал отандық көлік құралдарын сатып алуға арналған жеңілдік сертификаттары жолаушы (М2, М3 санаты) және жүк көліктерін (N1, N2, N3 санаты) тапсырушылар үшін бұрынғы қалпында сақталады. Айта кету керек бұған дейін берілген жеңілдік сертификаттары (жеңіл автокөліктер үшін) қолдануы мезімі аяқталғанға дейін жарамды.
ӨКМ Операторының тағы бір жаңалығы «аuto.recycle.kz» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі ішкі істер министрлігінің сервистік орталығымен кіріктірілді. Цифрлық өзгерістер енгізудің нәтижесінде ескі көліктерді есептен шығару туралы ақпаратты тексеру және оны әрі қарай кәдеге жаратуға өткізуге арналған өтінім мерзімі 30-дан 2 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік беріп отыр. Автокөлік иесі ұсынған ақпаратты ІІМ деректер базасымен салыстыру 1 минуттың ішінде автоматты режимде жүзеге асырылады. Ақпараттық жүйелер ықпалдастығына дейін ІІМ базасы бойынша есептен шығарғандар туралы ақпаратты тексеруге шамамен 30 күн кететін.
Айта кету керек тозығы жеткен көлік құралдарын тапсыруды ынталандыру бағдарламалары іске қосылғаннан бері қабылдау бекеттері 130 мыңнан астам көлік құралдарын қайта өңдеуге қабылдады. Тапсырылған көліктер Қарағандыдағы қайта өңдеу зауытында кәдеге жаратылады.