Алматы маңындағы блок-бекетте әріптестерін көлікпен қағып, "әдейі өлтірді" деген күдікке іліккен экс-полицей өмір бойына бас бостандығынан айрылуы мүмкін, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Астана телеарнасына сілтеме жасап.
Ал баласы Дастан Әбдіқановтан қапыда көз жазған анасы дүйім-жұртты алып-қашпа әңгімеге сенбеуге шақырады. Жанатгүл апа 26 жастағы баласынан айрылып қалғанына әлі күнге сене алар емес. Десе де келінінің әлеуметтік желіге салған жазбасына қатысты пікірін білдірді.
"Ботадай боздап қалған мен сияқты аналардың басына түскен қайғы деп ойлаймын. Менің келінім сол күні пост жазды, ол шындықты жазды, сол посттан кейін халық дүрлікті. Біз бір-бірімізбен отырып, сөйлесіп, ақылдасып отыратын жағдайда болған жоқпыз", - деді Д. Әбдіқановтың анасы Ж. Әбдірова.
Қайғылы оқиғаны жасады деген күдікті Азат Азаматов қазір қамауда. Ол Шаңырақ ықшам ауданында ата-анасымен бірге тұрған. Оның анасы да болған жайтқа сенбейді.
Осыдан он күн бұрын Көксай ауылындағы блок-бекетте BMW автокөлігі бекетті бұзып өтті. Жантүршігерлік апаттан қызметтік көлікте отырған екі полицей қаза тапты. Тағы біреуі ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның жағдайы жақсарғанын айтты.
"Қазіргі уақытта науқастың жағдайы клиникалық және неврологиялық тұрғыдан қалпына келді. Емделуші бейінді нейрохирургиялық бөлімге ауыстырылды. Десе де емдік шаралар әлі біраз уақыт жасалынуы қажет", - деді №7 клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі Александр Романчик.