Оралда жолаушылар автобусы жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өтіп бара жатқан адамды қағып кетті деп жазады «NewTimes.kz». Бұл сәт сол маңнан өтіп бара жатқан көліктің бейнекамерасына жазылып қалған. Оқиға 22 наурыз күні сағат 11-лер шамасында орын алыпты.
Бейнероликтен жүргіншіні қаққан №2 бағыттағы автобус екенін анық көруге болады. Жәбірленуші аман. Дегенмен, оның денсаулығына қандай зақым келгені белгісіз. Аталған бағыттағы автобустарға иелік ететін «Оралтехсервис» ЖШС басшылары болған жайтты білгеннен кейін кінәлі жүргізушіге міндетті түрде шара көргенін айтты.
«Біз жүргіншіні қаққан автобус жүргізушісін таптық. Ол демалыста екен, үйіне бардық. Өзі адам қаққанын мойындап отыр. Жүргізушіге де, кондукторына да қатаң сөгіс жарияланды. Олар жол көлік оқиғасын жасап қана қоймай, оны басшыларынан жасырған», — дейді «Оралтехсервис» компаниясының қауіпсіздік жөніндегі инженері Александр Николаев.
Сондай-ақ, аталған жайтты әкімшілік полиция қызметкерлері де біліп, автобус жүргізушісінің ісін тексеріп жатыр. Ол енді жүргізуші куәлігінен айрылуы мүкін.