Ресейдің Белгород соты науқасты ұрып өлтірген қалалық аурухананың бұрынғы хирургы Илья Зелендиновке үкім шығарды деп хабарлайды "Орталық Азия жаңалықтар қызметі".
Ол 9 жыл 2 айға бас бостандығынан айырылды және жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтейтін болады. Сонымен қатар, түрмеден босап шыққан соң үш жыл бойы кәсіби қызметімен айналысу құқығынан айырылды.
32 жастағы дәрігер жәбірленушінің өліміне әкелген ауыр дене жарақатын салды және бұзақылық ниетпен адамды ұрып соқты деп айыпталды.
Бұған дейін Зелендиновтің қорғаушысы оған шартты түрде жаза беруді сұраған еді.
Жаға ұстатқан жағдай ауруханада былтырғы жылдың 29 желтоқсанында болған еді. Тергеу орындары анықтағандай, қабылдау бөліміне түскен ер адам шу шығарып, өзіне ем жасап жатқан медбикені аяғымен теуіп жіберген. Зелендинов оны бетінен, сосын кеудесінен ұрады. Құлап түскен науқас артынша тіл тартпай кетеді.