05.06.2020, 10:20

«Бұзылып, кеуіп кеткен жемістер беріледі»: әлеуметтік арнайы қызмет көрсету орталығынан шу шықты (ВИДЕО)

Фото: ашық дерек көзі
Олардың ішінде мүлде тұра алмайтын, ауыр науқасқа шалдыққандары да бар.

Қостанайдың арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы кемтар балаларға мерзімі өткен тағамдар берілген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Қазақстан телеарнасына сілтеме жасап.

Мекеме сатып әперген киімдер де сапасыз. Орталық түлектерінің бірі осылай деп шағымданып отыр. 

Бізге қоңырау шалған Руслан Қонақбаев туа – бітті сал ауруына шалдыққан. Осы мекемеде 15 жыл тәрбиеленіпті. Биыл 18-ге толған соң мамыр айында оны орталықтан шығарған. Қазір Денисов ауданында өзін асырап алған отбасында тұрады. Орталықтағы жайсыз оқиғалар жайлы бізге телефон арқылы айтып берді.

Бұрынғы тәрбиеленушінің сөзін орталықтың мейірбикесі Өрік Наурызбаева да растап отыр. Оның осы мекемеде қызмет еткеніне алты жыл. «Мерзімі өткен тағамдар берілгенін талай байқадым» дейді ол. Бір рет тіпті айранның сыртындағы жазуға қарап, жарамдылық мерзімі өтіп кеткенін директорға да апарып көрсеткен.

Алайда мейірбикенің сөзімен әріптестерінің бәрі бірдей келіспейді. Асқа тікелей жауапты диетолог маман дастарханға тек сапалы тағам қойылатынын айтады.

Орталықта қазір 134 бала тәрбиеленеді. Олардың ішінде мүлде тұра алмайтын, ауыр науқасқа шалдыққандары да бар. Қызметкерлер саны 200-ден асады. 

Сондай-ақ, мекеме басшысы орталыққа тексерушілер жиі келетінін, өрескел заң бұзушылықтар анықталмағанын айтады. Ал шағымданушы тарап жағдай дұрысталмаса, құзырлы орындарға арызданбақ.

Тегтер: арыз шағым