Ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Сыр өңірінде «Көзімнің қарасы» атты байқау өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы тұсында жүзеге асқан бұл байқау аймақтағы өзге ұлт өкілдері арасында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Байқаудың талабы бойынша қатысушылар Абай өлеңдерін мәнерлеп оқуы тиіс болатын. 14 пен 29 жас аралығындағы облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің онлайн байқауында бақ сынаған өзге ұлт өкілдері көпшілікті қазақ тілінде еркін әрі таза сөйлей білетіндігімен тамсандырды. Әлеуметтік желі қолданушылары әрбір қатысушыға оң пікірін білдіріп, қолдау көрсетті.
Абай шығармашылығына арналған байқаудың нәтижесі бойынша І орынға Жалағаш ауданы, Аққұм ауылының тұрғыны Тамара Бецеева ие болды. Ал, жүлделі ІІ орын Жаңақорған ауданы, Төменарық ауылынан қатысқан Диана Қаюмжанға берілді. ІІІ орын Қазалы ауданы, Жанқожа батыр ауылының тумасы Сәду Нәпәхатқа бұйырды.
Байқауға қатысқан 14 жасқа дейінгі жасөспірімдерге түрлі номинациялар ұсынылды. Атап айтқанда, Рината Қамбарова «Өлең деп соққан жас жүрек» номинациясын иеленсе, Александр Тұрсынов «Тіл мерейі» номинациясын алды. Өнерлі жеткіншек Марина Даниловаға «Жастықтың оты жалындап» номинациясы берілді. Ал, «Өнер алды - қызыл тіл» номинациясына Полина Федорова лайық деп танылды. «Өнерліге өріс кең» номинациясы бойынша Вероника Лебедева марапатталса, «Жас дарын» номинациясы Любовь Нестероваға табысталды. Бұл өрендер «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілері.
Сонымен қатар, №7 мектеп-лицейдің 11 сынып оқушысы Артем Денисов «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» номинациясымен марапатталды. №189 орта мектеп оқушысы Югай Антон «Талаптың мініп тұлпарын» номинациясы алса, «Талантты бүлдіршін» номинациясын №5 Панфилов атындағы мектеп-лицейдің 2 сынып оқушысы Айша Кабулжан иеленді. Одан өзге «Жыр жауһар» номинациясы №7 мектеп лицейі 10 сынып оқушысы Камила Ходоновичке, «Жас дарын» номинациясы Кирил Гавриловке, «Тіл шебері» номинациясы №9 орта мектептің оқушысы
Хэда Абдуллаеваға берілді. Ал «Маржан сөз, қоңыр үн» номинациясымен №176 мектептің 11 сынып оқушысы Алексей Черкедзюк марапатталды.