$ 494.87  520.65  4.91

Сыр өңірінде археологиялық қазба жұмыстары басталды

Сыр өңірінде құпиясын ішіне бүккен ортағасырлық елді мекендер көп.

Биыл Қызылорда облысында 6 тарихи ескерткішке археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның ішінде Алтын Орда кезеңімен байланысты тарихи орындар да бар. Бұл туралы Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Абуова өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында мәлімдеді.

«Ежелгі Бәбіш мола, ортағасырлық Жанкент, Сортөбе және Алтын Орда дәуірімен мерзімделетін Сығанақ, Қышқала қалашықтарына қазба жұмыстары басталды. Сонымен қатар, тамыз айында Асанас қалашығында да қазба жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Сондай-ақ, «Археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру қағидалары мен шарттары» бекітіліп, археологиялық зерттеу жұмыстарын бақылау шаралары мен талаптары күшейтілді», - дейді Мира Рахымжанқызы.

Сыр өңірінде құпиясын ішіне бүккен ортағасырлық елді мекендер көп. Мәселен, әу бастағы аты белгісіз қалаға 1243 жылы итальян саяхатшысы Джованни Плано Карпини Қышқала деген атау берген еді. Қазақ зерттеушілері Қышқаладағы қайнаған өмірдің Алтын Орда кезеңіндегі сауданың жанданған сәтінде тоқтағандығын айтады. Ал, Сығанақ қаласы болса Алтын Орда заманындағы өзіндік орны бар қаланың бірі болған делінеді. Жалпы аймақта 545 тарихи және мәдени ескерткіш есепке алынған. Оның 134-і археологиялық ескерткіш деп танылып отыр. Бүгінде археологиялық зерттеу нысандарының ауқымы кеңейіп, қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Зерттеу нәтижесі бойынша осы уақытқа дейін табылған 6486 экспонат музей қорында сақтаулы тұр.

Мамандар бұл жұмыстардың алдағы уақытта тарихи нысандарды ашық аспан астындағы музейге және туристтік орталыққа айналдыруда үлкен септігін тигізетінін айтады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары